Шымкентте алаяқ жүкті әйелдерді «жұмысқа тұрғызып», олардың декреттік төлемін алып отырған
Ол мемлекетке 217 млн теңге залал келтірді
Шымкент қаласында жүкті келіншектерді жалған жұмысқа орналастырып, олардың әлеуметтік төлемдерін өз қажетіне жұмсап келген әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық прокуратураның ақпаратынша, алаяқ жеке кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, жүкті әйелдерді кәсіпорындарға жалған жұмысқа орналастырған. Одан кейін олардың атына әлеуметтік төлемдерді заңсыз рәсімдеп, ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Осылайша әлгі әйел мемлекетке 217 миллион теңге шығын келтірген.
Осы факті бойынша ҚК 190-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.
Қазір істің мән-жайын толық анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр.