«Әкімдік қайда қарап отыр демесін»: Павлодар облысының әкімі әлеуметтік желіде әзілдеп жүр
Облыс әкімі желі қолданушыларына жауап беруге уақыт тапқан
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желіде қолданушылардың посты мен пікіріне әзілдеп жауап жазып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астанада тұратын қыз желіде жақын құрбыларының бәрі туған жері Павлодарға қайта оралып жатқанын айтып, қолданушылардың пікірін сұраған.
«Астанада тұрып жатқаныма он жыл болды. Өзім Павлодардың қызымын, құрбыларымның бәрі елордаға көшіп келген. Бірақ енді бірінен соң бірі Павлодарға қайтып жатыр. Біреуі тұрмысқа шықты, екіншісі дайындалып жатыр, үшінші құрбым Павлодардың жігітімен көңіл жарастырып жүр. Олар үшін қуансам да, қимаймын», - деп пост жазған ол «сіздің құрбыларыңыз жаныңызда ма, әлде басқа қалаға кетіп қалды ма?» деп сұраған.
Бір қызығы, осы постың астына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пікір қалдырған.
«Біз Павлодарға қайта қоныс аудару туралы насихат жұмысын жүргізіп жатырмыз, кіші Отанға жас әрі жалынды жастар қажет», - деп жазып, қасына да смайлик қойған.
Пікірлердің арасынан облыс әкімінің жазбасын көрген бір қолданушы:
«Мына жерден сізді көремін деп ойламаппын», - деп таңданысын жасырмаған.
Асайын Байханов оған да жауап беруге уақыт тапқан:
«Әкімдік қайда қарап отыр» демесін деп. Сол себепті біз бүкіл жердеміз», - деп қалжыңдаған.