Қазақстандық банктерде қате аударылған ақшаны кері қайтару функциясы пайда болады
Бұл бастама дропперлермен де күресуге көмектеседі, дейді Әбілқасымова
Қазақстандық банктердің мобильді қосымшаларында белгісіз біреу аударған ақшаны тез арада кері қайтаруға болатын арнайы функция пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Агенттік банктермен бірге осындай функцияны енгізу мүмкіндігін талқылап жатыр.
«Бұл өте жақсы бастама, біз осындай тетік барлық банк қосымшасында енгізілсе екен дейміз. Бұл сондай-ақ дропперлермен күресу қажеттілігімен де байланысты. Бұдан бөлек, біз кейбір жағдайларда азаматтардың шоттары беймәлім адамдар тарапынан толықтырылып жататынын байқаймыз. Мұндай операциялар көбіне ақша жылыстатумен, оның ішінде есірткі саудасынан түскен қаржыны заңдастырумен байланысты болуы мүмкін. Осы мәселені біз Қаржылық мониторинг агенттігімен талқылап, тиісті реттеу шараларын енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында.
Әзірге ақша аударымын болдырмау функциясы нақты қашан пайда болатыны белгісіз. Агенттік басшысы бірнеше айға созылуы мүмкін екенін айтты.