$ 522.49  601.07  6.47
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ұстаздарға блогерлік міндет жүктелмейді»: Астана мектебінің директоры

Гүлжан Төлеу «Педагог мәртебесі туралы» заңға енгізілетін өзгерістерге пікір білдірді 

«Ұстаздарға блогерлік міндет жүктелмейді»: Астана мектебінің директоры
Фото: Freepik

Білім беру саласында педагог мәртебесін көтеру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Соңғы уақытта «Педагог мәртебесі туралы» заңға енгізілетін өзгерістер қоғамда кең талқыланып, ұстаздар мен білім саласының өкілдері тарапынан түрлі пікір айтылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицей директоры Гүлжан Төлеу мұғалімнің басты міндеті оқушыға сапалы білім беру екенін айтады. Оның сөзінше, мұғалімнің блогер, мобилограф немесе чат модераторы болуға міндеттелмеуі орынды.

«Бүгінгі таңда бір сабаққа дайындалудың өзі бірнеше сағат уақыт алады. Ғылым мен техниканың дамыған заманында мұғалімдерден үлкен еңбек пен ізденіс талап етіледі. Жасанды интеллект көмекші құрал бола алады, бірақ ол педагогты алмастырмайды», – дейді мектеп басшысы.

Оның айтуынша, мектеп ұжымы соңғы төрт жыл бойы «Құндылықтарға негізделген білім беру» бағытын ұстанып келеді.

Мектепте күзет қызметі тәулік бойы жұмыс істейді, мұғалімдер кезекшілік атқармайды. Әкімшілік өкілдері оқу процесін және қауіпсіздік шараларын бақылау мақсатында кезекшілікке шығады. Ал жұмыс чаттары кешкі 20:30-дан кейін жұмыс істемейді.

Гүлжан Төлеудің айтуынша, мұғалімдердің еңбекақысы мен әлеуметтік қолдау шаралары соңғы жылдары айтарлықтай жақсарған. Алайда Астана сияқты қымбат қалада өмір сүру мұғалімдерге қосымша жүктеме алуға итермелейді.

«Қазір мұғалімге екі жүктемеге дейін рұқсат берілген. Бұл материалдық тұрғыда көмек болғанымен, физикалық және психологиялық тұрғыдан ауыр болуы мүмкін. Кей жағдайда мұғалімдер тек қаржылық қиындықты шешу үшін қосымша сағат алады. Бұл білім сапасына әсер етуі ықтимал», – дейді ол.

Сонымен қатар педагогтер үшін әлеуметтік қолдау шаралары кеңейіп келеді. Мәселен, ипотека алған ұстаздар салықтан босатылады, ал жазғы еңбек демалысына шыққанда бір айлық жалақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді.

Серіктес жаңалықтары