$ 530.07  615.2  6.58
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 11:42
Қоғам

Қазақстан мен Марокко сотталған адамдарды бір-біріне беретін болды

Осылайша сотталғандар жазаны өз елдерінде өтей алады

Қазақстан мен Марокко сотталған адамдарды бір-біріне беретін болды
Фото: freepik.com

Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заңның негізгі мақсаты – сотталған адамдарды оңалтуға және әлеуметтік қайта бейімдеуге жәрдемдесу мақсатында жазаны өзінің азаматтығы бар елінде одан әрі өтеу үшін құқықтық негіз құру.

Келісімге сәйкес тараптар бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазаны азаматтығына жататын мемлекетте одан әрі өтеу үшін бір-біріне беруге міндеттеледі.

Келісімде сотталған адамдарды беру және беруден бас тарту негіздері айқындалған.

Сотталған адам келісімге сәйкес мынадай шарттар сақталған кезде:

  • сотталған адам үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болса;
  • үкім түпкілікті және орындалуға тиіс болса;
  • сотталған адамға бас бостандығынан айыру немесе бас бостандығынан айыруға байланысты өзге де шара тағайындалса;
  • сотталуына себеп болған іс-әрекеті екі тараптың да ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық болып табылса;
  • сотталған адамды беруге жазбаша келісім болса, берілуі мүмкін.

Егер сотталған адамда үкім шығарушы мемлекеттің азаматтығы болса, сондай-ақ тараптардың бірінің заңнамасына сәйкес үкімнің күші жойылса, онда сотталған адамды беруден бас тартылады.

Бұдан басқа, келісімде сотталған адамды беруге, үкімдерді орындауға, рақымшылық жасау немесе кешірім жасау актісін қолдануға не берілген адамға қатысты жазаны жеңілдетудің басқа да шараларына қатысты нормалар регламенттелген, сондай-ақ үшінші тарап екінші тарапқа берген сотталған адамның өз аумағы арқылы транзиті мәселелері және басқалар көзделген.

Келісімді іске асыру Қазақстанның Бас прокуратурасына республикалық бюджетте тиісті жылдарға көзделген қаражат есебінен және шегінде жүзеге асырылады.

Серіктес жаңалықтары