Қазақстанда 1300 мектеп толығымен жаңарады
Бұл мектептерде реновация бағдарламасы жүріп жатыр
Жаңа оқу жылының басынан бері 130 мыңнан астам оқушы жаңартылған, жайлы және қауіпсіз мектептерде білім алып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, елімізде бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу үшін 1300-ге жуық мектепте реновация бағдарламасы жүзеге асып жатыр.
«Биыл еліміз бойынша 245 мектепте кешенді реновация жүргізілуде, оның 134-інде жұмыстар толық аяқталған. Жаңа оқу жылының басынан бері 130 мыңнан астам қазақстандық оқушы жаңартылған, жайлы және қауіпсіз мектептерде білім алып жүр», - делінген хабарламада.
Реновация бағдарламасы аясында мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһазындарын жаңарту, талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу, спорт залдарын, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау, сондай-ақ мектеп аумақтарын жаңа стандарттарға сай абаттандыру қарастырылған.
Жоба үш жылға жоспарланған: 2025 жылы 245 мектеп, 2026 жылы 434 мектеп, 2027 жылы 552 мектеп жаңартылады.
2028–2029 жылдары Жамбыл облысындағы тағы 67 мектепте жаңарту жұмыстары жүргізілмек.