Қазақстанда қылмыс саны екі есе азайған
Тәуелсіздік жылдарында оң өзгеріс байқалып отыр
Ішкі істер министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, егемендік алғаннан бері елімізде қылмыс саны екі есе төмендеген. Кісі өлтіру қылмысы 4,5 есе азайды. Ал осы аралықта халық саны 1,5 есеге артқан. Яғни, ел халқы өсіп келе жатқанымен, қылмыс деңгейінің төмендеуі – тиімді профилактикалық және алдын алу шараларының нәтижесі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмысқа қарсы күрес
Бүгінде елімізде кісі өлтіру, ұрлық, киберқылмыс, интернет-алаяқтық, есірткі бизнесі, адам саудасы және экстремизм сияқты қылмыс түрлерінің алдын алу бойынша 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалар іске асып жатыр.
Осы бағдарламалардың тиімділігі бір жылдың өзінде байқалды:
- жалпы қылмыс деңгейі 7% төмендеді;
- кісі өлтіру – 20%;
- қарақшылық – 28%;
- тонау – 30%;
- бұзақылық – 11%;
- ұрлық – 24,5% азайды.
Сонымен қатар бұрын сотталғандар тарапынан жасалатын қылмыстар 9%-ға, қоғамдық орындарда 7%-ға, көшелерде 5%-ға, атыс қаруымен жасалған қылмыстар 16 пайызға төмендеді.
Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында патрульдік полицияның тығыздығы артты. Саябақтар мен аулаларда, халық көп жиналатын орындарда қауіпсіздік – басты назарда. Қазіргі таңда дабыл түймелері, стационарлық бекеттер орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігіне кепілдік беретін инфрақұрылым жетілдірілуде.
Қоғамдық орындарда 1,5 миллионнан астам бейнекамера жұмыс істейді, оның 500 мыңға жуығы Жедел басқару орталықтарына қосылған. Бұл — бюджетке қосымша салмақ түсірмей, түрлі меншік иелерінің камераларын біріктіру арқылы іске асырылған тиімді шешім.
Бүгінде бейнебақылау жүйесі сауда орталықтарынан бастап, базарлар, вокзалдар, әуежайлар, мектептер, тұрғын үйлердің кіреберістері мен лифттеріне дейін орнатылуда. Нәтижесінде, қылмыстардың 58%-ы бейнебақылау көмегімен ашылып, 523 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді.
Кәсіби даярлық – қауіпсіздіктің басты кепілі
Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Бұл міндетті сапалы орындау үшін ішкі істер органдарының қызметкерлері тек заңды білетін маман емес, сонымен қатар заманауи технологияларды меңгерген, тез шешім қабылдай алатын, жан-жақты дайындықтағы тұлға болуы тиіс.
Осы мақсатта Ішкі істер министрлігі ведомстволық оқу орындарымен бірлесе отырып, полицейлердің кәсіби жеделдігі мен біліктілігін арттыруға бағытталған жаңа тәсілдерді әзірлеп, кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Қазір ІІМ академиялары мен институттарында білім беру жүйесі түбегейлі жаңарып отыр. Бұрынғыдай тек құқықтық біліммен шектелмей, оқу бағдарламалары практикалық дайындыққа, шынайы жағдайларда әрекет ету дағдыларына бағытталған. Полиция қызметкері тек заң баптарын жаттап қана қоймай, психологиялық тұрақтылық, сыни ойлау, шешім қабылдау қабілеті, азаматтармен тиімді коммуникация сияқты қасиеттерді меңгереді. Білім беру бағдарламалары кәсіби стандарттарға сәйкестендіріліп, инновациялық оқыту әдістері мен заманауи техникалық құралдар кеңінен енгізілуде.
Қазақстан полициясының кәсіби деңгейін әлемдік көрсеткіштерге сәйкестендіру мақсатында халықаралық серіктестік бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соның ішінде халықаралық ұйымдармен (ЕҚЫҰ, БҰҰ, ХЕҰ, ЕО, Еуропа Кеңесі, Интерпол, UNODC және т.б.) бірлескен тренингтер өткізіледі.
IT саласында дағдылары бар криминологтарды даярлау бағдарламасы әзірлену сатысында, бұл бағдарлама да халықаралық тәжірибеге негізделген.