$ 538.13  624.88  6.64
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.10.2025, 14:00
Қоғам

Адам ақша үшін ғана емес, ел игілігі үшін де еңбек еткенде үлкен жетістікке жетеді – депутат

Материалдық пайда азайған сәтте адамды әрі қарай жетелейтін мотив – Отан алдындағы жауапкершілік сезімі болуы керек дейді мәжілісмен

Адам ақша үшін ғана емес, ел игілігі үшін де еңбек еткенде үлкен жетістікке жетеді – депутат
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы патриотизм ел экономикасы, ғылымы мен мәдениетінің дамуына қалай әсер етеді деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, нағыз патриотизм – елдің экономикасы мен ғылымын, мәдениеті мен өнерін ілгерілететін басты рухани күш.

«Бүгінде барлық салада табысқа жету, бизнестік көзқарас қарқынды дамып келеді. Нарық заманында әркім өз ісін дамытып, шығармашылығы мен ғылымы арқылы пайда табуды көздейді. Бірақ басты мақсат тек пайда болған кезде, біз үлкен жетістікке жете алмаймыз. Өйткені пайда азайған тұста адамды алға жетелейтін екінші бір күш болуы керек. Ол – Отан алдындағы жауапкершілік сезімі», – дейді депутат.

Оның айтуынша, тек табысқа емес, ел игілігіне қызмет етуге ұмтылған адам ғана өмірде шынайы жетістікке жетеді.

«Отанын сүйіп, «елге де пайда келтірсем, өзім де жетістікке жетсем» деп екі бағытты тең ұстаған азаматтар ғана биікке көтеріледі», - деп санайды Жарқынбек Амантайұлы.

Осы орайда депутат шетелде білім алып, елге оралған жас ғалымды мысалға келтірді.

«Жақында Оксфорд университетінде постдокторант дәрежесін алып, энергетика саласында зор жетістікке жеткен Нұрсұлтан Мұсаханұлы есімді жас ғалыммен кездесіп, пікір алмастым. Ол он жыл бойы шетелде болып, үлкен тәжірибе жинаған. «Мен көп елде болдым, көптеген мүмкіндіктерді көрдім. Бірақ елімізде де ғылымды дамытудың әлеуеті зор. Энергетика саласын жаңа деңгейге көтеруге менің тәжірибем де, мүмкіндігім де жетеді. Енді осыны елге бергім келеді. Әрине, шетелде жалақы жоғары, бірақ мені өсіріп, білім берген Отаным үшін тер төккім келеді» деген жас азаматтың жанарындағы отын көріп, мен расымен де біздің жастар арасында, ғалымдарымыз бен өнер саласындағы өкілдеріміз арасында нағыз патриоттардың көп екеніне көзім жеттім. Оның ана тілін де, шет тілдерін де жетік меңгерген жан-жақты азамат екенін көргенде, ізет пен адамгершілікке бай болмысын көргенде нағыз патриот осындай болуы керек шығар деген ой түйдім», - дейді мәжілісмен.

Оның айтуынша, осындай білімді, елжанды жастарды мемлекет барынша қолдауға тиіс. Білімін де, тәжірибесін де туған жердің игілігіне жұмсайтын жастар көбейсе, еліміздің ғылымы да, өнеркәсібі де дамып, абыройы да артатыны сөзсіз, дейді Жарқынбек Амантайұлы.

Серіктес жаңалықтары