«Қазақстан салып берген орталықта жүзге жуық бала білім алып жүр»: Әлиев Тоқаевқа алғыс айтты
Ол Қазақстан мен Әзербайжанның мәдениет күндерін тұрақты өткізіп тұру керек дейді

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында екі ел арасындағы достықты және ынтымақтастықты ерекше атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің сөзінше, Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығы белсенді жұмыс істеп жатыр, оны екі ел басшысы бірге ашқан.
«Бұл сый үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Қазіргі таңда орталықта жүзге жуық бала білім алып жатыр. Практикалық қызметінен бөлек, бұл орталық екі ел арасындағы достықтың бір көрінісі болып отыр», - деді ол.
Гуманитарлық ынтымақтастыққа қатысты Ильхам Әлиев Қазақстан мен Әзербайжанның мәдениет күндері өткен жылдары екі елде өткізілгенін атап өтті. Ол мұндай шаралардың тұрақты және жүйелі түрде өтуі қажет екенін, мәдени өзара іс-қимыл жол картасын жасап, мәдениет күндерін астаналарда және барлық өңірлерде өткізуге болатынын айтты.
«Жалпы, күн тәртібі кең ауқымды және барлық негізгі ынтымақтастық бағыттарын қамтиды. Қонақжайлылығыңызға алғысымды білдіремін. Әзербайжанға деген жылы достық қарым-қатынасыңыз бен екіжақты ынтымақтастыққа тікелей назар аударып отырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін», - деді Ильхам Әлиев.