Астанада IT-маман тамыр ауруын сылтауратып мүмкіндігі шектеулі баласының алиментін азайтып алмақ болған
Сот оның талабын қанағаттандырған жоқ

Астана қаласының ювеналды соты IT-маманның алиментті азайтуға қатысты арызын қарап, іске нүкте қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана соттарының мәліметіне сүйенсек, бұған дейін жігіт баласына 45 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 176 мың теңге алимент төлеп тұруға келіскен. Бұрынғы әйелі мүмкіндігі шектеулі баласының күтіміне байланысты жұмыс істемейді.
«Сотқа арыз жазған жігіт тамыры ауырып, ота жасатқанын, сондықтан, ұзақ уақыт оңалтудан өткен кезде табысы едәуір азайғанын айтты. Алайда, ол бұрынғы жұмысынан өз еркімен шыққан. Оның мамандығы физикалық тұрғыда ауыр емес, қашықтан жұмыс істей алады. Бұдан өзге, ауырып жатқанда да оның банктік есепшотына үнемі ақша түсіп тұрған», - деп хабарлайды сот.
Баланың мүмкіндігі шектеулі екенін, анасының жұмыс істемейтінін ескерген сот жігіттің арызын қанағаттандырған жоқ. Ол бұрынғы келісімге сай, мүмкіндігі шектеулі баласына 176 мың теңге алимент төлеу керек.