Қазақстанда әрбір жетінші ата-ана жұмысқа байланысты баласына дұрыс көңіл бөле алмайды – министрлік
Зерттеуге 52 мың ата-ана мен 40 мың оқушы қатысқан

Қазақстанда әрбір жетінші ата-ана жұмысбастылығына байланысты баласына дұрыс көңіл бөле алмайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Бала құқықтарын қорғау комитетінен мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Дереккөзге сүйенсек, зерттеу «Балалардың әл-ауқаты индексінің қорытындысын» анықтау үшін жасалған. Зерттеуге бас-аяғы 93 120 адам, соның ішінде 52 754 ата-ана, 40 366 бала қатысқан.
«Зерттеуге сай, ата-аналардың 13,9 пайызы жұмысбастылыққа байланысты балаларына жеткілікті уақыт бөле алмайтынын айтқан. Бұндай ата-ананың көбі Солтүстік Қазақстан облысында (17,9%), Алматы қаласында (17,8%), Қостанай (17,3%) және Ақмола (16,1%) облыстарында тіркелген. Ал балама уақыт табамын деген ата-ананың көбі Шығыс Қазақстан (9,1%), Батыс Қазақстан (10%) және Атырау (10,6%) облыстарында байқалған», - деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.
Осы ретте комитет мамандары «ата-ананың көңілі баланың эмоциналды саулығы мен жан тыныштығының басты кепілі» дейді. Және баласымен күніне 10-15 минут еш алаңсыз сөйлескен ата-ана бүлдіршіндеріне сенім береді деп сендірді.