Алматыда коронавирусты ең көп жұқтыратын – жастар, қиналатын – қарттар
Қалада коронавирус жұқтырғандар саны 3530 адамға жетті
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров қалада жағдайы ауыр науқастардың көбейіп жатқаны туралы айтты.
«Қаладағы стационарларда 1330 науқас ем алып жатыр. Жағдайы өте ауыр 19 адам бар. Ауыр дәрежеде – 173, орташа ауыр дәрежеде – 1044 және қанағаттанарлық жағдайда 162 адам тіркеліп отыр», - деді ол бейсенбідегі брифингте.
Өткен аптада ауруханаға жатқызу мен жедел жәрдемге түскен қоңырау саны 2 есе артқан. Науқастар санының арту себебі «қант диабеті, жүрек аурулары, артериалды гипертензия сияқты аурулары бар науқастардың көбеюінен» деп түсіндірді Надыров.
Алматыда аурудың ауырлығы мен пациенттердің жас арасындағы айырмашылық анық байқалады.
«Жағдайы ауыр және өте ауыр пациенттердің 80 пайызын 60 жастан асқандар құрайды. Талдау 20-29 аралығындағы жастар ең жиі жұқтыратындар екенін көрсетті. Олар барлық науқастың 35%-ын құрайды. 60 жастан асқандар үлесі – 8,8%», - деді басқарма басшысы.
Қалада жалпы коронавирус жұқтырудың 3 530 жағдайы тіркелген. Қайтыс болғандар саны – 23 адам.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан