Елордада бір тәулікте 4,5 мың адам 103-ке хабарласып, 1,7 мыңына жедел жәрдем келмеген
Коронавирусқа байланысты жедел жәрдем шақыртатындар саны күрт артқан
Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова жедел жәрдем қызметінің жүктемесі күрт артқанын айтты. Оның сөзінше, қазір аптасына тұрғындардан 28 мың өтініш келіп түседі.
«Соңғы тәулікте 103 номеріне хабарласқандар саны 4,5 мыңға дейін жетті. 2,8 мың шақыртуға жедел жәрдем станциясы барды. Соңғы бір аптада коронавирус індетіне байланысты 4 438 қоңырау келіп түскен. Кеше 1300 шақырту болды», - деді ол бейсенбі күнгі кезекті брифингте.
Осы цифрларға сүйенсек, соңғы тәуліктегі 4500 қоңыраудың 2800-іне жедел жәрдем жеткен болса, 1700 шақыруға көмек бармаған.
Сондықтан, басқарманың шешімі бойынша жедел жәрдем базасында аумақтық емханалардың орта медициналық қызметкерлерінің байланыс орталығы ұйымдастырылған.
«Онда күн сайын орта есеппен, 500-ге дейін қоңырау қабылданады. Негізінен, сұрақтар коронавирус инфекциясы бойынша қойылады. Сонымен қатар, алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарында, аумақтық емханаларда қосымша және жаңа жедел жәрдем топтарын құру туралы шешім қабылданды», - деп мәлімдеді С.Қисықова.
Қалада жедел жәрдем телефон қоңырауларына қызмет көрсету үшін күн сайын шамамен, 150-ге жуық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан