$ 540.06  628.25  6.61
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Абай облысында жолдардың 44 пайызына асфальт төселмеген – депутат

Нұртай Сабильянов Үкіметтен өңірдегі жолдарды жөндеу үшін арнайы бағдарлама қабылдауды сұрады

Абай облысында жолдардың 44 пайызына асфальт төселмеген – депутат
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, Абай облысындағы жолдардың күрделі жағдайына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, өңірге жұмыс сапары кезінде тұрғындар республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың сапасына шағым білдірген.

«Мемлекет басшысы 2022 жылғы Жолдауында жергілікті жолдардың 95 пайызын жақсарту және бұл жұмысты Үкіметтің тұрақты бақылауында ұстау туралы тапсырма берген. Алайда, Абай облысында бұл бағытта шешімін таппаған мәселелер көп», - деді ол.

Нұртай Сабильяновтың дерегінше, Қарағанды – Аягөз – Боғас республикалық жолын жөндеу 2024 жылы басталған. Бүгінде 80 шақырым жол жөнделгенімен, Баршатас – Аягөз – Тарбағатай бағытындағы учаске әлі жөндеуді қажет етеді. Облыстағы жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 4 985 шақырым. Соның 44 пайызына асфальт төселмеген, төселгендерінің өзі шұрық-тесік.

«Аягөз – Қарауыл, Ақсуат – Ақжар, сондай-ақ Ақтоғай кентінен республикалық жолға дейінгі 84 шақырым жол әбден тозған. Биыл Аягөз – Қарауыл бағытында жөндеу басталғанымен, келесі жылдарға қаржы қарастырылмаған», - деді депутат.

Оның айтуынша, аудандық және ауылдық жолдардың да жағдайы сын көтермейді. Бұл жолаушылар қозғалысына, жүргізушілерге және жедел жәрдем көліктерінің уақытылы жетуіне кедергі келтіріп отыр.

«Аягөз ауданына қарасты Майлин, Сарыарқа, Мыңбұлақ, Өркен ауылдарына кіреберіс жолдардың жағдайы да нашар, асфальт төселмеген. Сондай-ақ, Қоңырбиік, Кіші Қарасу, Жайма, Қапанбұлақ, Кіндікті, Үштөбе, Сұлутал, Алғабас, Абыралы, Бургон, Биғаш, Долонь – Мостик, Қарамырза – Белокаменко, Қарағайлы – Бозтал, Белағаш – Новопокровка ауылдарына баратын жолдар да сын көтермейді. Халық бұл жолдарды жөндеуді талап етіп отыр», - деп атап өтті Сабильянов.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен екі негізгі мәселені қарастыруды сұрады:

  • Қарағанды – Аягөз – Боғас республикалық жолының Баршатас – Аягөз – Тарбағатай учаскесін жөндеу;
  • Жергілікті жолдарды жөндеуге арналған арнайы бағдарлама қабылдап, оның нақты мерзімі мен қаржыландыру көзін белгілеу.

Сабильянов жол инфрақұрылымын жақсарту «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары