«Taza Qazaqstan»: «Жастар Рухы» жастар қанатының road-эстафетасы Түркістан облысына табан тіреді
Эстафетаның 400-ге жуық шақырымы Түркістан облысының аумағынан өтеді

«AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырып жатқан дәстүрлі «Taza Qazaqstan» road-эстафетасына қатысушылар Алматы, Жамбыл облыстары аумағын басып өтіп, Түркістан өңіріне табан тіреді. Акция аясында қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру көзделіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экологиялық бастамаға қатысушылар алдымен Түлкібас ауданына тоқтады. Құрамында депутаттар, партия мүшелері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері бар топқа жергілікті тұрғындар қосылды. Айта кетейік, эстафета бағдарының 400-ге жуық шақырымы Түркістан облысының аумағына тиесілі. Яғни, іс-шара осы облысқа қарасты Түлкібас, Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Түркістан қаласында ұйымдастырылады.
Осылайша, эстафета аясында Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов ескерткіші алаңында жергілікті жастар қауымымен кездесу өтті. Жүзден астам жас азамат бас қосқан жиында қоршаған орта адамзат баласының ең қастерлі құндылығы екені айтылды.
«Біз – тәуелсіз елдің ертеңін арқалаған жас ұрпақпыз. Сондықтан еліміздің әр бұрышы таза, әрбір көшесі көрікті, әр үйдің ауласы жарық, табиғаты жасыл болып тұруы – біздің қолымызда. Табиғатқа, тарих пен мәдениетке, қоршаған ортаға ұқыпты қарау – тек ересектердің ғана емес, ең алдымен біздің, жалынды жастардың қасиетті парызы. «Таза Қазақстан» – жүрегіміздегі тазалыққа, жауапкершілікке, ісімізді адалдыққа бастайтын жол. Бұл – әрқайсымыз үшін өмір мәніне айналуға тиіс», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев тазалық – жастардың идеялық тұғырнамасы, болашаққа бастар жолы екенін жеткізді.
«Шын мәнінде баршамызды туған жерге деген құрмет, табиғатты қорғауға деген ниет біріктіріп отыр. Бұл сөз – ел ертеңіне алаңдаған әр жүрекке сенімді серпін, жоғары жауапкершілік жүктейді. «Таза Қазақстан» – ол біздің өмірлік ұстанымымыз, мәдениетіміз, болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдырар ең ізгі мұрамыз болуға тиіс. Былтыр Астана мен Алматы арасындағы жол жиегі тазаланса, биыл Алматыдан Қызылордаға дейінгі бағыт қолға алынды. Осылайша, тазалықты ұран етіп көтерген жастар керуені бүгін қасиетті Түркістан топырағына табан тіреді», – деді Алтынсары Үмбетәлиев.
Эстафета аясында Түлкібас ауданында өндірілетін тауарлар көрмесі таныстырылды. Жастар жергілікті бағбандар өсіретін алма сұрыптарын көрді, «Таза Қазақстан» брендімен шығарылатын көжеден дәм татты. Экспорттық өнім ретінде шығарылатын қымыз, кептірілген жемістен ауыз тиді. Сусынның бірнеше түрімен танысты.
Road-эстафета барысында халықаралық автодәліздің Түлкібас, Сайрам аудандарына тиесілі жол учаскелерінде тазалық жүргізілді. Ауқымды бастамаға 500-ден астам адам қатысты. Жол бойындағы Машат асуының биігінде орналасқан Сиқым баба кесенесіне келіп жеткен жастар ескерткіш аумағын ретке келтіріп, тарлан тарихымызға тағзым етті.
«AMANAT» партиясы тұрғындарды туған жерді түлетуге үлес қосуға және экологиялық эстафетаның белсенді мүшесі болуға шақырады.