«Екі баламды көрмегелі бір жыл болды»: Маңғыстауда 17 эпизод бойынша сотталған әйел ағыл-тегіл жылады (ВИДЕО)
Жас келіншек алаяқтық жасағаны үшін 3 жыл алты айға сотталған

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі алаяқтық үшін сотталған жас келіншектен сұхбат алып, таратқан. Қатарынан 17 эпизод бойынша 3 жарым жылға сотталған әйел үкімін естігенде ағыл-тегіл жылаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дереккөзге сүйенсек, әйел алаяқтық бабы бойынша айыпталған кезде жолдасы тастап кеткен. оны бостандықта қазір анасы мен бауырлары және екі кішкентай баласы күтіп жүр.
«Маңғыстау облысында 23 жастағы әйел 17 эпизод алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сот үкімімен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Іс материалдарына сәйкес, ол таныстарына «тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдырып беремін, кейін үстеме пайызымен қайтарамын» деп сендірген. Аңғал азаматтар өз аттарына несие ресімдеген, ал алынған қаражат сотталған әйел мен оның туыстарының есепшотына аударылып отырған», - деп хабарлайды Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.
Жас келіншек сотта кінәсін толық мойындап, көз жасын тыя алмады. Үкім жарияланған соң, ол сот залында қамауға алынып, түзету мекемесіне жіберілді.
«Жасым 23-те, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190 бабы 3-ші бөлігі бойынша 3 жыл алты айға сотталдым. Жазамды Ақтау изоляторында өтеп жатырмын. Алғашында қосымша табыс тапқым келіп, өзге банктерден тауарлық несие алып, ақшаға айырбастап беріп жүрдім. Бірақ ашкөздіктің соңы алаяқтықпен аяқталды. Қазір мені сыртта күтіп отырған анам бар, балаларым бар. Анам артымнан іздеп келгенімен, бостандықтағыдай емес, оларды көрген әр сәтім ауыр тиеді. Балаларымды көрмегелі бір жыл болды. Жасаған әрекеттеріме қатты өкінемін. Өзгелерге сабақ болу үшін ондай іспен айналыспауын сұраймын», - дейді әйел.