$ 549.15  643.88  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 15:55
Қоғам

Астанадағы жасанды интеллект мектебінде жыл сайын 5 мың оқушы тегін оқи алады

Балалар оқуға сабаққа дейін немесе сабақтан кейін қатыса алады

Астанадағы жасанды интеллект мектебінде жыл сайын 5 мың оқушы тегін оқи алады
Фото: freepik.com/ЖИ арқылы жасалды

Астанада ашылған Alem.Ai жасанды интеллект орталығында мектеп оқушылары тегін қосымша білім ала алады. Сонымен қатар, орталықта ересектерге арналған жасанды интеллект мектебі де жұмыс істейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Astana Hub басқарушы директоры Валерия Тенің айтуынша, Alem.Ai орталығының екінші және үшінші қабатында «TUMO» креативті технологиялар мектебі орналасады. Онда  12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер 11 бағыт бойынша білім алады. Олар: генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, 3D-анимация және тағы басқа.

«Бұл балаларға арналған қосымша білім беретін тегін мектеп. Жылына 5 мың оқушы оқытамыз. Оқушылар сабаққа дейін немесе сабақтан кейін қатыса алады. Бұл – заманауи білім беру платформасы, мұнда оқушылар үздік ұстаздардан білім алып, ең жаңа контентпен жұмыс істей алады», – дейді Те.

Ал орталықтың төртінші және бесінші қабаттарында ересектерге арналған жасанды интеллект мектебі ашылады. Ол Tomorrow School деп аталады. Бұл мектеп Astana Hub базасында бір жылдан бері жұмыс істеп тұр.

«Жобаның ерекшелігі – мұнда мұғалімдер жоқ: студенттер бір-біріне үйретіп, тәжірибе алмасады. Қазір бізде 250 студент оқып жатыр, бұл өтініш бергендердің небәрі 2%-ы ғана. Біз таланттарды іздеп, ең мықтыларды іріктейміз. Басқа өңірлерден келгендерге тегін жатын орын қарастырылған. Оқу екі жылға созылады. Екі жылда адам жасанды интеллект саласының маманы болып шығады», – деді атқарушы директор.

Бұл мектепке 18 жастан асқан азаматтар қабылданады.

Валерия Тенің айтуынша, орталықтың алтыншы қабатында инкубациялық бағдарламаларға арналған Startup Campus, жетінші қабатта ірі компаниялардың зерттеу орталықтары орналасады. Мәселен, Telegram, Presight және тағы басқа. Сегізінші қабатта үлкен ахуалдық орталық ашылады.

Серіктес жаңалықтары