«Дипломмен ауылға»: биыл елімізде 2,8 мың жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етіледі
Кейінгі екі жылда ауылға барған жас мамандарға қолдау айтарлықтай ұлғайды

Қазақстанда ауылдық жерлердегі тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін жас мамандарды тарту және оларды қолдау – мемлекет үшін маңызды басымдықтардың бірі. Жас мамандарды ауылға тарту тек медициналық қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдық жерлердің әлеуметтік және инфрақұрылым саласын дамытуға да оң әсерін тигізеді.
2024-2025 жылдары мемлекет жас медицина мамандарына бағытталған қаржылай және әлеуметтік қолдау көлемін арттырды, сондай-ақ кейбір жаңа тетіктерді енгізді. Олардың қатарында біржолғы төлемдер, тұрғын үйге берілетін жеңілдіктер, «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы алғашқы еңбек тәжірибесін жинау және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында тұрғын үймен қамтамасыз етуде өзгерістер бар. Azattyq Rýhy тілшісі осы өзгерістерге шолу жасап, қолдау шараларының іске асу деңгейін талдады.
Елімізде қанша медицина маманы біржолғы төлем алды
Ауылдық жерлерге барған жас медицина мамандарына 100 АЕК көлемінде, шамамен 8,5 млн теңге біржолғы төлем қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2024 жылы 254 маман, ал 2025 жылдың алғашқы айларында 106 маман қаржылай көмек алды.
Біржолғы төлемге қосымша әлеуметтік пакет енгізілген. Оның аясында жас мамандардың балалары балабақшаға жылдам қабылдануда артықшылыққа ие болады, қызметтік міндеттерін атқару кезінде көлік шығындары өтеледі, сондай-ақ қаза тапқан немесе мүгедек болған дәрігерлердің балалары конкурстан тыс жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болады. Бұл қолдаулар жас мамандардың ауылдық жерлерде тұрақтап қалуына және қызметін тиімді атқаруына бағытталған.
Тұрғын үй алуға берілетін кредит мөлшері ұлғайды
Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында бюджеттік кредиттер көлемі артты. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап аудан орталықтарына барған дәрігерлерге 2 500 АЕК - шамамен 9,2 млн теңге, ал ауылдық елді мекендерге барғандарға 2 000 АЕК - шамамен 7,3 млн теңге көлемінде несие қарастырылған. Бұған дейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында кредит көлемі 1 500 АЕК, яғни шамамен 5,5-6 млн теңге деңгейінде болған. Несие көлемінің ұлғаюы арқасында жас мамандардың тұрғын үй мәселесі шешіледі. Оларды ауылда ұзақ мерзімге қалуға ынталандырады.
«Жастар практикасы» бойынша жұмысқа орналастыру
«Жастар практикасы» бағдарламасы жас мамандарға алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік береді. 2024 жылы бағдарлама аясында барлығы 33,3 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 4 844 жас маман медицина ұйымдарына жіберілді. Қатысушылардың шамамен 58 пайызы ауылдық жерлерде тәжірибе жинап, жергілікті медициналық қызметті артқарып жатыр.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы
2025 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2,8 мың жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 25 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі облыс әкімдіктерімен және Отбасы банкімен бірлесіп, кадр тапшылығы жоғары өңірлерде дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Тұрғын үй мәселесінің шешілуі жас мамандардың ауылдық жерлерде тұрақты қызмет етуіне ықпал етеді.
Кейінгі жылдары ауылға барған жас медицина мамандарына көрсетілетін қолдау айтарлықтай кеңейді. Біржолғы төлемдер мен тұрғын үй кредиттерінің көлемінің ұлғаюы, жастар практикасы арқылы алғашқы жұмыс орнына орналасу және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында тұрғын үймен қамтамасыз ету жас мамандар үшін нақты мүмкіндіктер тудырды. Бұл шаралар ауылдық медициналық қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жас кадрларды тартуға және олардың тәжірибесін жинауға жағдай жасайды. Алдағы жылдары қолдаудың толық көлемде жүзеге асуы, төлемдердің уақтылы берілуі және инфрақұрылымдық жағдайлардың жақсаруы жұмыстары жалғасады.