«Жарты Еуропаны аралайтын ақша»: Базарбек «Қайрат-Реал» билетін 700 мыңға сатқандар туралы
Мұндай бағаға жарты Еуропаны аралап шығуға болады дейді депутат

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Қайрат-Реал» матчына билеттерді тым қымбатқа сатқан алапсатарларды Бас прокуратура тексеруі керек деп санайды. Айтуынша, қарапайым халық солардың кесірінен матчқа бара алмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өкінішке қарай, қарапайым алматылықтар, басқа қалалардың тұрғындары үлкен мерекеге қатыса алмады. Көбіне тек тамыр-таныстықпен билет алғандар кірді. Мен мұны өз көзіммен көрдім. Сондықтан қарапайым азаматтарымыздың көбі бұл мерекеге билеттің қымбаттығынан бара алмады. Бірақ біз бұл мәселені реттеуіміз керек. Мұндай «жабайы» бағаларды қайдан алған? Футбол матчы басталардан бір сағат бұрын алыпсатарлар сатқан билет бағасы 700 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл қандай баға? Жеті жүз мыңға жарты Еуропаны аралап шығуға болады ғой. Мемлекет қайда қарап отыр? Біз қалай тәртіп орнатамыз? Біз пайда тауып отырған алыпсатарлармен күресуіміз керек. Егер қателеспесем, олардың арасында ірі ұйымдар да бар. Ірі компаниялар осыдан ақша тауып отыр», - дейді Базарбек Мәжіліс кулуарында.
Депутаттың пікірінше, бұл мәселе Бас прокуратура араласуға тиіс.
«Бас прокуратура араласып, алыпсатарлар мен ірі компаниялардың әрекетін тексеруі керек. Олар билетті қалай алғанын тексеру қажет», - дейді ол.
Бұған дейін ІІМ «Қайрат» пен «Реал» арасындағы ойынның билетін алып-сатты деген күдік бойынша эстрада жұлдыздары Сәкен Майғазиев пен Нұрлан Еспановтың ұлдарын тексеруге дайын екенін мәлімдеген.
Кеше, 30 қыркүйек күні Алматыда өткен тарихи матчта «Қайрат» командасы «Реалдан» 0:5 есебімен ұтылып қалды.