AI-sulu: енді әскерде қиналып жүрген сарбаздар бот-психологқа сыр шерте алады
Қорғаныс министрлігі жасанды интеллектке негізделген AI-sulu Telegram-ботын таныстырды

Астанада әскери психологтар жасанды интеллектке негізделген AI-sulu Telegram-ботын таныстырды. Бұл жаңа цифрлық қызмет әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына қиын жағдайлар мен күйзеліс кезінде тәулік бойы анонимді түрде психологиялық көмек көрсетуге арналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, вице-адмирал Серік Борамбаев жиынның ашылуында психологияның әскердің жауынгерлік дайындығын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, заманауи талаптар инновациялық цифрлық шешімдерді қажет етеді, ал AI-sulu осы бағыттағы маңызды бастама болып отыр.
Ботты Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ақпараттық бөлімінің бастығы, майор Қасымхан Туитин таныстырды. Ол AI-sulu тірі маманды алмастыра алмайтынын, бірақ алғашқы көмек көрсетіп, тыңдап, қажетті кеңес пен ресурстарға бағыттай алатынын айтты.
Цифрлық кеңесші қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Негізгі артықшылықтары – ол анонимді және тәулік бойы қызмет көрсетеді.
«Таныстыру барысында деструктивті мінез-құлықтың алдын алу, күйзеліске төзімділікті арттыру, психологиялық жұмыста IT-құралдарды қолдану және жастармен жұмыс істеудің ерекшеліктері талқыланды. Сондай-ақ психотерапия, суицидология және әскери психология саласының сарапшылары сөз сөйледі», - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.