«Саламатты Қазақстан»: елу мыңға жуық халық білікті дәрігерлерге денсаулығын тексерткен
Пойыз жалпы саны 68 ауылға барған

Жыл басынан бері «Саламатты Қазақстан» пойызы 11 өңірдегі 68 ауылға барды. Осылайша, 50 мыңға жуық адам мамандардың көмегін алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасай отырып.
ДСМ-ның мәліметінше, мамандар халыққа толықтай тегін қызмет көрсеткен.
Пойыздың құрамында 29 маман жұмыс істейді. Олардың қатарында терапевт, хирург-травматолог, кардиолог, педиатр, акушер-гинеколог, офтальмолог, уролог, стоматолог, рентгенолог, невропатолог, оториноларинголог, ультрадыбыстық зерттеу дәрігері, психолог және басқа да мамандар бар.
Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар жасалады. Мобилдік медициналық вагондар заманауи диагностикалық жабдықтармен қамтылған. Мұнда қан талдауын тапсыруға, флюорографиядан, ультрадыбыстық зерттеуден, ЭКГ және басқа да тексерулерден өтуге мүмкіндік бар.
Ақтөбе облысының Қарашоқат ауылының тұрғыны Манаш Кенжебаева пойыздың келуі ауыл халқы үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
«Бірнеше жылдан бері біз отбасымызбен медициналық пойыз дәрігерлеріне жүгінеміз. Ата-аналар да, балалар да барлық мамандардың қарап-тексеруінен өтуіне тырысамын. Ең жақын емхана ауылдан 130 шақырым жерде орналасқан, сондықтан пойыздың келуі біз үшін сапалы медициналық көмек алуға тамаша мүмкіндік», – деді ол.
Медициналық көмектен бөлек, ауыл тұрғындары әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары және интернет-алаяқтықтан қорғау мәселелері бойынша заңгер мен медиатордың кеңесін ала алады.
Жоспарға сәйкес, биыл пойыз барлығы 123 станцияға барып, 90 мыңға жуық қазақстандыққа көмек көрсетеді. Маршрут толыққанды медициналық инфрақұрылымы жоқ өңірлерді қамтиды.