$ 544.26  634.72  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.09.2025, 17:52
Қоғам

Қазақстан Орталық Азиядағы ең озық цифрлы елге айналды – Қошанов

Еліміз енді жаңа әрі жауапты кезеңге қадам басқалы отыр дейді спикер

Қазақстан Орталық Азиядағы ең озық цифрлы елге айналды – Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет тарапынан цифрландыру және  жасанды интеллектіні жаппай енгізу бағытында атқарылып жатқан біраз шаралардың арқасында Қазақстан Орталық Азиядағы ең озық цифрлы елге айналғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, ең алдымен елімізде жасанды интеллект үшін оңтайлы құқықтық негіз қаланып жатыр.

«Парламент осы сайланымда онлайн-платформалар туралы, ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері жөнінде заңдарды қабылдады. Таяуда ғана Мәжілісте «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Оны әзірлегенде осы саланы алғаш болып қолға алған елдердің тәжірибесі ескерілді. Атап айтсақ, «Жасанды интеллект туралы» Еуропаның заңдары мен «Жасанды интеллект және адам құқықтары, демократия мен құқықтың үстемдігі туралы» Еуропа Кеңесінің негіздемелік конвенциясы назарға алынды», - дейді Қошанов Мәжілісте өтіп жасанды интеллект тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Екіншіден, оның айтуынша, қажетті инфрақұрылым құрылып жатыр. Қазақстан жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге ерекше қарқынмен және зор әлеуетпен кіріскен. Суперкомпьютер іске қосылып, ұлттық жасанды интеллект платформасы жұмыс істей бастады.  «Smart Data Ukimet»  платформасы да қолданысқа еніп, өз жемісін беріп жатыр.

«Электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша Қазақстан қазірдің өзінде 193 елдің ішінде 24-ші орында тұр. Бұл жоғары позицияға мемлекеттік басқару саласын цифрландыру есебінен қол жеткізілді. Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшылары да Қазақстанның электрондық үкіметінің тиімділігіне жоғары баға беріп отыр. Ол азаматтардың өмірін едәуір жеңілдетіп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырды. Сонымен қатар банк саласы да бұдан қалыспай келеді.  Қазақстан Қытай, Германия және Австралиядан озып, онлайн-қызметтер индексі бойынша үздік 10 ел қатарына кірді. Елімізге келген қонақтардың көбі Қазақстандағы банктердің мүмкіндіктері туралы жақсы пікірлер айтуда», - дейді спикер.

Бұдан бөлек, әлемнің ең үздік тәжірибелерін топтастырған «Астана Хаб» алаңы да табысты жұмыс істеп тұр. Әсіресе, стартапшылар үшін, жас таланттар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашты деп атап өтті Қошанов.

«Жаңа ғана жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы басқа да отандық жетістіктерді, тың жобаларды арнайы ұйымдастырылған көрмеден де көрдіңіздер. Осынау инновациялық орта елімізде адам капиталын дамыту үшін негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді.  Атқарылған осы жұмыстың бәрі өз жемісін беріп, Қазақстанды Орталық Азиядағы ең озық цифрлы елге айналдырды. Британиялық «Оксфорд Инсайтс» компаниясының Елдердің жасанды интеллектіні енгізуге дайындығы рейтингісінде Қазақстан 188 мемлекеттің ішінде 76-шы орынды иеленуі бұған айқын дәлел», - деп мәлімдеді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов еліміз «енді жаңа әрі жауапты кезеңге қадам басқалы отырғанын» айтты. Ол жасанды интеллектіні барлық салаға жаппай енгізу кезеңі.

Серіктес жаңалықтары