Жергілікті прокуратура жәрдемақыға қатысты масқара мәліметтерді анықтады
Түркістан облысының прокуратурасы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсырған кезде нағыз кірісін жасырған азаматтарды анықтап жатыр. Біз бұл туралы бұған дейін де жазған едік. Ал, прокуратураның бүгінгі мәліметіне сүйенсек, АӘК алу үшін 17 адам бір кедейдің баспанасын тіркегені анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жергілікті атқарушы органдардың атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезіндегі құжаттарына талдау жүргізе отырып, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін бай-қуатты адамдар расында да аз қамтылған отбасылардың үйлерін көрсеткені анықталды. Атап айтқанда, 2022–2023 жылдары Жетісай ауданының 17 тұрғыны өздерінің нақты тұрғылықты мекенжайларын жасырып, бір аз қамтылған отбасының үйін көрсеткен», - деп хабарлайды прокуратура.
Осыған ұқсас жағдайлар Жетісай, Сайрам және Сарыағаш аудандарында да анықталған екен.
«Жекелеген азаматтардың құқыққа қайшы заңсыз әрекеттері салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 17 млн теңге залал келген. Прокуратура уәкілетті органға акт жіберді», - деп хабарлайды Түркістан облысының прокуратурасы.