Антифрод орталығы 3 млрд теңгені алаяқтардан «қорғап қалды»
Орталық былтыр жазда іске қосылған

Ұлттық банк базасында жұмыс істейтін Антифрод орталығы бір жыл ішінде 3 миллиард теңгенің алаяқтардың шотына аударылуына жол берген жоқ. Бұл туралы Мәжілісте жасанды интеллект қолданылатын жобалардың көрмесінде орталық басшысы Айнұр Измайлова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық Антифрод орталығы 2024 жылдың шілдесінде құрылған. Орталық – банктердің өзара ақпарат алмасуына мүмкіндік беретін платформа. Сонымен қатар, мұнда құқық қорғау органдары да жұмыс істейді.
«Антифрод орталығының басты мақсаты – қаржы нарығындағы алаяқтық схемаларды анықтау. Біз жасанды интеллектіні аналитика үшін қолданамыз. Жасанды интеллект алаяқтықтың қай түрі жиі кездесетінін, қай жастағы азаматтар көбірек алданатынын, қандай аймақтарда оқиғалар жиілеп жатқанын көрсетеді», - деп түсіндірді Измайлова.
Оның айтуынша, өкінішке қарай елімізде алаяқтарға бәрі алданып қалады.
«50-60 жастағы адамдар алаяқтарға көп алданады деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде олай емес. 20 жастағы да, 30 жастағы азаматтар да алданып қалады. Әр жасқа тән өзіндік схемалар бар, мысалы 30 жастан асқандар көбіне телефон арқылы хабарласып, SMS-код сұрайтындарға сеніп қалады. Ал 20 жастағылар әлеуметтік желі арқылы инвестиция жасауға шақыратын жарнамаларға алданады», - дейді орталық басшысы.
Қазір Антифрод орталығы жартылай жасанды интеллект жүйесімен жұмыс істейді.
«Орталық іске қосылғаннан бері, яғни 2024 жылғы шілдеден бастап 80 мыңнан астам инцидент тіркелген. 3 миллиард теңге көлеміндегі қаражат бұғатталып, құтқарылды. Алаяқтар көбіне Алматы мен Астана тұрғындарын алдайды», - дейді Измайлова.