Құмар ойын – қоғам дерті: Семей лудоманиямен қалай күресіп жатыр
Психолог құмар ойынға тәуелділіктің салдары қандай болатынын айтты

Құмар ойынға тәуелділік – бүгінгі қоғамның ең өткір мәселелерінің бірі. Жастар мен жасөспірімдердің лудоманияға шалдығуы олардың денсаулығына ғана емес, отбасы мен қоғамдағы орнына да елеулі зиян тигізіп отыр. Осы бағытта Семей қаласында құмар ойындардың алдын алу және зардап шеккендерді қолдау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Толығырақ Azattyq Rýhy материалынан оқыңыз.
Семей жастарына қандай көмек көрсетіліп жүр
Семей қаласында құмар ойынға тәуелді болған адамдарға көмек көрсету үшін бірқатар мекеме жұмыс істейді. Мәселен, «Отбасын ресурстық қолдау» орталығы мен «Семей қаласының наркологиялық диспансері» КМҚК мамандары зардап шеккен азаматтарға кәсіби психологиялық көмек ұсынады.
Сонымен бірге, жастар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік ойлардың алдын алу мақсатында «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» мамандары арнайы жұмыстар атқарады. Бұл шаралар жастарды құмар ойынның салдарынан қорғап қана қоймай, оларға өмірлік дағдарыстан шығуға жәрдем береді.
Семей қаласының полиция басқармасы мен оның аумақтық бөлімшелері де құмар ойындармен байланысты интернет-алаяқтықтың алдын алуға тұрақты түрде күш салып келеді. Қала тұрғындарына түсіндірме буклеттері таратылады, жергілікті телеарналар арқылы алаяқтықтың түрлері мен сақтану тәсілдері түсіндіріледі.
Сонымен қатар, қоғамдық орындарда арнайы баннерлер ілініп, оқу орындарында, мемлекеттік органдарда және ірі кәсіпорындарда дәрістер ұйымдастырылады. Бұл жұмыстардың барлығы азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және алаяқтарға алданбауына бағытталған.
Құмар ойын – қауіпті індет
Белгілі психолог Сағым Нағашыбаеваның айтуынша, лудомания – жай ғана әуестік емес, медициналық тұрғыда мойындалған психикалық ауру.
«Құмар ойынға тәуелді адам өзін тоқтата алмайды. Ол ойынға барлық уақытын, ақшасын арнайды. Салдарынан отбасынан алыстайды, жұмысынан айырылып, қарызға батады. Бұл – психикалық бұзылыстың бір түрі. Халықаралық аурулардың классификациясында оның арнайы коды бар», – дейді маман.
Лудоманияның дамуына әсер ететін факторлар бірнеше бағытта қарастырылады.
Биологиялық негіздер
«Кей адамдарда тәуелділікке бейімділік тұқым қуалайды. Мидың белгілі бір аймақтарында сыйақы мен қуанышқа жауап беретін жүйелер өзгеше жұмыс істейді. Сондықтан олар құмар ойында ерекше ләззат алады және соған қайта-қайта оралғысы келеді», – деп түсіндіреді маман.
Психологиялық себептер
«Адам ойын кезінде стресстен арыламын, көңілімді аулаймын деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде, ол тек уақытша эйфория сезінеді. Ұтылған сайын ашуланады, ұтқан сайын одан да қатты құмарланады. Бұл қауіпті психологиялық тұзақ», – дейді психолог.
Әлеуметтік әсер
«Отбасында немесе достар арасында құмар ойнайтындар болса, тәуелділік жылдам дамиды. Сондай-ақ ақшаны «оңай табу» идеясы адамдарды ойынға жетелейді», – дейді психолог.
Лудоманияның белгілері
Лудоманияның алғашқы белгілері көзге бірден түседі:
- Адам ойынға көп уақыт жұмсайды.
- Бұрынғы хоббиінен, қызығушылықтарынан бас тартады.
- Отбасына, жұмысына көңіл бөлмейді.
- Қарызға ақша сұрайды, кейде алдайды.
- Ұйқысы бұзылады, ашуланшақ болады.
«Лудоман үшін жеңіс өмірінің мәніне айналады. Ол тек ойнауды ойлайды, ұтқанын қиялдайды. Бұл адамның психикасын толықтай жаулап алады», – дейді Нағашыбаева.
Оның айтуынша, лудомания бірден пайда бола салмайды.
«Алғашында бұл жай ермек, хобби сияқты көрінеді. Кейін адам стрессті ұмыту үшін ойнай бастайды. Жеңген кезде ми қуаныш гормондарын бөледі, ал ұтылғанда ашуланады. Уақыт өте келе тәуелділік күшейіп, адам өзін тоқтата алмай қалады», – дейді психолог.
Құмар ойынға тәуелділіктің салдары өте ауыр. Лудоман, ең алдымен, қаржылық күйзеліске ұшырайды. Барлық ақша ойынға кетеді, қарыздары көбейеді, кейде тіпті үйінен, мүлігінен айырылады. Сосын отбасылық дағдарысқа тап болады. Жақындарымен қарым-қатынасы үзіледі, сенім жоғалады, жұмыссыз қалуы да мүмкін. Қиын жағдайда қалған ол ұрлыққа, алаяқтыққа, заңсыз әрекеттерге баруы ықтимал. Бұған қоса, көптеген лудоманда депрессия, мазасыздық, тіпті өз-өзіне қол жұмсау ойы туындайды.
«Бұл тәуелділіктің ең қауіпті жағы – адамның жан-дүниесін күйретуі», – дейді психолог.
Құмар ойынның шырмауынан қалай шығуға болады
Лудоманиядан құтылу оңай болмаса да, емделу жолдары бар.
«Науқастың проблемасын мойындауы – емнің алғашқы әрі ең маңызды қадамы. Өкінішке қарай, көп адам өзінің тәуелді екенін түсінгісі келмейді», – дейді Нағашыбаева.
Осы ретте маман бірнеше емдеу жолын көрсетті:
- Психотерапия. Жеке және топтық терапия, отбасы терапиясы.
- Фармакотерапия. Қатар жүретін депрессия, невроз болса, дәрі-дәрмек қолданылады.
- Арнайы бағдарламалар. «12 қадам» әдісі, гипноз, когнитивті-мінез-құлық терапиясы.
«Емделу ұзақ уақытты қажет етеді. Бірақ дұрыс қолдау болса, адам бұл тәуелділіктен шыға алады», – дейді маман.
Психологтың пікірінше, ең дұрыс шешім – дерттің алдын алу. Ол үшін балалардың бос уақытын пайдалы істермен толтырып, қаржылық сауаттылықты арттырып, күйзелістен шығудың сау жолдарын үйретіп, спортқа, өнерге, шығармашылыққа баулу қажет және отбасындағы жылы қарым-қатынасты күшейту керек.
«Жастардың қызығушылығын басқа арнаға бұру өте маңызды. Әр бала өзіне ұнайтын хобби тапса, құмар ойындарға деген қызығушылық әлсірейді», – деп санайды маман.
Лудоманияға қарсы күрес мемлекет деңгейінде жүріп жатыр
Қазақстанда құмар ойындарға тосқауыл қою үшін заңнамалық деңгейде маңызды өзгерістер қабылданған.
Букмекерлік конторлар мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынды:
– ғимараттарда, құрылыстарда және көліктерде;
– бұқаралық ақпарат құралдарында;
– кино-, видео- және анықтамалық қызметтерде.
Жарнама тек букмекерлік кеңселер мен спорт нысандары ішінде, спортшылардың киімінде, спорттық телеарналарда және спорттық оқиғаларды жариялайтын интернет-ресурстарда ғана рұқсат етілген.
Байланыс операторларына құмар ойындар жарнамасын таратуға тыйым салынды.
Ұялы байланыс операторлары халыққа электронды немесе интернет-казино туралы жарнамалық SMS-хабарламаларды жібере алмайды.
Кейбір азаматтарға құмар ойынға қатысуға шектеу қойылды:
- 21 жасқа толмаған азаматтарға;
- өзін-өзі шектеу тізіміне енгізілгендерге (6 айдан 10 жылға дейінгі мерзімге);
- Бірыңғай борышкерлер тізіміндегі азаматтарға;
- мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне.
Бұл тыйымды бұзғаны үшін заңды тұлғаларға айыппұл салынады: орта кәсіпорындарға – 300 АЕК, ірі кәсіпорындарға – 1000 АЕК. Қайталанса, лицензиясы тоқтатылады.
Интернет-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мұндай әрекет үшін 2000 АЕК-ке дейін айыппұл, 600 сағат қоғамдық жұмыс немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Букмекерлер ақпараттық жүйелерге интеграция жасауға міндеттелді. Барлық букмекерлік контор Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қаржы мониторингі агенттігінің ақпараттық жүйелеріне қосылуы тиіс.
Шетелдік букмекерлер лицензиясыз қызмет ете алмайды. Қазақстан аумағында заңсыз интернет-ресурстардың қызметін уәкілетті орган тоқтатады.
Лотерея билеттерін сату тәртібі нақты белгіленді. Лотерея билеттерін тек ресми оператор мен агенттері ғана тарата алады. Тұрғын үйлерде, жатақханаларда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ діни ғимараттар маңында билет сатуға қатаң тыйым салынды.
Қорытындылай келе, Семей қаласында жүргізіліп жатқан кешенді шаралар мен мемлекет қабылдаған заңнамалық түзетулердің мақсаты бір – қоғамды құмар ойындардың зиянынан қорғау, жастарды лудоманиядан сақтап, олардың болашағын қорғау. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі болуы үшін тек мемлекеттік органдар ғана емес, әрбір азамат, отбасы да жауапкершілікпен атсалысуы қажет.