Қазақстандағы қарт адамдардың саны жыл сайын 3-4 пайызға артып келеді - зерттеу
Қазір Қазақстанда жасы алпыстан асқан 2,8 млн адам бар

Қазақстанда жасы алпыстан асқан адамдардың саны бір жылда 3,7 пайызға көбейіп, биыл 2,8 млн адамға жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ranking.kz-ке сілтеме жасай отырып.
«Қазақстан әлемдегі көп елдердің алдынан шыққан басты проблемалардың бірі – халықтың қартаюына тап болды. Егер XX ғасырдың басында елімізде жас демографиялық құрылымға ие болса, қазір қарт адамдардың үлесі артып келеді», - деп жазған сайт.
Дереккөзге сүйенсек, 2010 жылдан бергі орташа жылдық өсімі 3,8% болған. Елдегі қарт кісілердің арасында әйелдердің үлесі 16,4%, ал ер адамдардың саны 11,3% болған.
«Қазақстанда қарттардың саны өмір сүру ұзақтығымен де байланысты. Бұл көрсеткіш жыл сайын жоғарылап отыр, тек коронавирус пандемиясы кезеңі ғана ерекшелік болды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, елдегі қарт кісілердің өмір сүру ұзақтығы 75,44 жыл (2023 жылы — 75,1 жыл). Әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 79,42 жыл (бір жыл бұрын — 79,06 жыл), ал ерлерде — 71,33 жылға дейін өсті (бір жыл бұрын — 70,99 жыл)», - деп хабарлайды сайт.