Мағжан Жұмабаев ауданының әлеуметтік-демографиялық ахуалы қандай
Ауданда отбасы институтын нығайтуға, жастарға қолдау көрсетуге баса назар аударылады

Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданы – елдің солтүстігінде орналасқан, әлеуметтік және демографиялық тұрғыдан маңызды өңірлердің бірі. Мұнда халықтың әл-ауқатын жақсарту, отбасылық құндылықтарды нығайту, демографиялық өсімді қамтамасыз ету және жастарды қолдау бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аудан көлемінде отбасылық құндылықтарды нығайтуға ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта отбасын қолдау орталығы ашылған, ол мемлекеттік отбасылық саясаттың негізгі бағыттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік, заңдық және психологиялық көмек көрсетеді.
Аталған орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға қолдау көрсетіп, ерлі-зайыптылар кеңес береді. Жұбайлардың жағдайын бағалау, проблемаларды анықтау, қарым-қатынас дағдыларын дамыту және жанжалды шешу жолдарын үйрету – орталық жұмысының маңызды бөлігі. Мұндағы басты мақсат – отбасыларды ажырасуға итермелемей, керісінше, мәселелерді сындарлы шешуге үйрету.
Аудан халқы үшін тұрғын үй мәселесі де өзекті. Қазіргі таңда көпбалалы отбасылар санаты бойынша тұрғын үй кезегінде 27 азамат, ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша 219 азамат тұр. 2020–2024 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарламалар аясында екі көпқабатты (әрқайсысы 18 пәтерлі) тұрғын үй және он үш жеке тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 23 көпбалалы отбасы мен 9 жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні кезектегі азаматтарға беруге дайын 6 пәтер және 2 тұрғын үй бар.
2025 жылғы 25 мамырдан бастап тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтардың тізімдері Отбасы банкке берілді. Банк тізімді өңдеп, әлеуметтік осал топтарға, мүгедектігі бар азаматтарға және жетім балаларға басымдық береді.
Жастарға қолдау көрсету – ауданның әлеуметтік саясатының негізгі бағыты. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Жастар саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аудан жастарына да оң әсерін тигізуде.
Жастарға арналған негізгі жобалар:
- «Бастау Бизнес» бағдарламасы – кәсіпкерлік негіздерін үйретіп, гранттар бөледі.
- «Жасыл Ел» бағдарламасы – жазғы кезеңде студенттерді құрылыс пен абаттандыру жұмыстарына тарту.
- Жастар тәжірибесі – оқуын аяқтаған жастардың алғашқы жұмыс тәжірибесін алуына көмектеседі.
- «Бірінші жұмыс орны» жобасы – түлектерге тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік береді.
- «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы – зейнет жасына жақындаған мамандардың тәжірибесін жастарға үйретуге жағдай жасайды.
Ауданның демографиялық дамуына көші-қон үдерістері айтарлықтай әсер етіп жатыр. Соңғы жылдары жастар мен еңбекке қабілетті тұрғындардың облыс орталығына, Астанаға және Ресейге кетуі байқалады. Бұл құбылыс халық санының азаюына және қартаюына әкеп соғуда. Сонымен қатар, туу деңгейінің төмендеуі де табиғи өсімнің жеткіліксіз болуына себеп болып отыр. Дегенмен, мемлекет тарапынан оңтүстік өңірлерден ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында жаңа отбасыларды қоныстандыру шаралары жүргізілуде. Қоныс аударушыларға тұрғын үй, көтерме жәрдемақылар мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері ұсынылады.
Аудан халқының тұрмыс сапасын арттыру үшін әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Олар: мектептер мен балабақшаларды күрделі жөндеу, мәдениет үйлері мен демалыс орталықтарын жаңарту, ауылдық жерлерде жаңа медициналық мекемелер салу және ескілерін жөндеу, сумен және жылумен жабдықтау нысандарын қалпына келтіру, жолдарды жөндеу және кеңейту. Бұл шаралар ауданның өмір сүруге тартымдылығын арттырып, тұрғындардың ауылдық жерде тұрақтап қалуына жағдай жасайды.
Мағжан Жұмабаев ауданы әлеуметтік және демографиялық тұрғыдан белгілі бір қиындықтарға қарамастан, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Отбасылық құндылықтарды нығайту, жастарды қолдау, тұрғын үй мәселесін шешу, медициналық кадрларды тарту және инфрақұрылымды дамыту – ауданның басты басымдықтары.
Басты мақсат – халықты ауылдық жерде ұстап қалу, көші-қон үдерістерін тұрақтандыру және демографиялық өсімді қамтамасыз ету.