Алматы облысында пәтерін 17 жыл бұрын сатып жіберген ер адам алты балалы ананы сол үйден қуып шықпақ болған
Сот балалардың құқығын қорғап, оларды баспанасынан айырған жоқ

Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алты баласы бар келіншектің үстінен түскен арызды қарап, пәтер дауына нүкте қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дереккөзге сүйенсек, ер адам бұл пәтерін сонау 2008 жылы сатқан. Оны сатып алған әйел адам 6 500 000 теңгені қолма-қол берген. 2017 жылы қарашада қайта келісім жасаған екеуі пәтердің қалған сомасын әйел пәтер иесіне ай сайын 100 мың теңгеден төлеп отыратын болып келіскен.
Сотқа жүгінген ер адам келіншек бұл келісімді жүйелі түрде бұзады деп бұған дейін біраз сомасын төлесе де әйелді бала-шағасымен бірге пәтерден шығару туралы талап қойған.
Соттың дерегінше, әйел бұл пәтерде 2010, 2014, 2016, 2021(егіз) және 2022 жылы туған алты баласымен бірге тұрады.
«Сот отырысында келіншек бұл талаппен келіспей, 2017 жылы қарашада қол қойған келісімшартты мойындауды сұраған. Сот талап қоюшының арызын қанағаттандырған жоқ. Келіншектің қалған соманы ай сайын төлеу туралы арызын қанағаттандырды», - деп хабарлайды Алматы облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.