$ 530.47  613.75  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.09.2025, 11:20
Қоғам

Апатты үйден жаңа баспанаға: БҚО халқының тұрмысы қалай жақсарып жатыр

Облыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында жаңа жобалар қолға алынған

Апатты үйден жаңа баспанаға: БҚО халқының тұрмысы қалай жақсарып жатыр
Фото: freepik.com

Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту, апатты және тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен сүру және тұрғындарды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Бұл бағыттағы шаралар облыс халқының өмір сүру сапасын арттыруға, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және қала мен ауылдық жерлердегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Апатты және тозығы жеткен үйлерді сүру

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпаратынша, бүгінгі таңда облыс бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің саны – 2416 болса, олардың ішінде 69-ы апатты, ал 298-і ескірген санатында. Тек Орал қаласының өзінде 57 апатты және 265 ескірген көпқабатты тұрғын үй бар. Бұл көрсеткіш тұрғын үй қорының тозу деңгейі әлі де жоғары екенін көрсетеді. Осыған байланысты облыс әкімдігі 2025 жылдың 18 ақпанында 2029 жылға дейін апатты және тозығы жеткен үйлерді бұзып, тұрғындарды жаңа үйлерге көшіруді көздейтін Жол картасын бекітті. Жоспарға сәйкес, жылдар бойынша бұзылатын үйлер саны төмендегідей: 2025 жылы – 4 үй, 2026 жылы – 7 үй, 2027 жылы – 3 үй, 2028 жылы – 3 үй, 2029 жылы – 5 үй.

Бұл бағыттағы алғашқы нәтижелер де бар. 2024 жылы 4 апатты үй бұзылып, орнына 3 жаңа көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Олар А.Молдағұлова көшесі, 15-үй (81 пәтер), Молдавская көшесі, 2/1-үй (94 пәтер), сондай-ақ Короленко көшесі, 9-үй, мұнда реставрация нәтижесінде 7 жаңа пәтер сатып алынды. Жаңа үйлерде апатты үйлердің тұрғындары үшін арнайы квотамен пәтерлер бөлінген.

2025 жылы жоспарланған 4 апатты үй бұзылды (Аманжолов көшесі 14 және 16, Абай даңғылы 44, Есқалиев көшесі 178). Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде апатты үйлердің 22 тұрғыны жаңа мекенжайларға көшіріледі.

Лифтілер ауыстырылады

Облыс тұрғындарының көппәтерлі үйлерді күрделі жөндеуге деген қызығушылығы артып келеді. 2025 жылға арналған жоспар бойынша Орал қаласында – 32 жоба, оның ішінде шатырды жөндеу бойынша – 15, лифтіні ауыстыру бойынша – 14, ал көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу бойынша – 3 жоба қолға алынады. Ақсай қаласында лифтілерді ауыстыру бойынша 32 жоба жоспарланған. Бұл мақсатқа жалпы сомасы 1,7 миллиард теңге көлемінде өтінім Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жолданды.

2025 жылы осы жобалардың ішінен облыстық бюджет есебінен 16 жобаға қаржы бөлініп, 323,2 миллион теңге бағытталды. Оның ішінде Орал қаласында – 11 жоба, Ақсай қаласында – 5 жоба. Бүгінгі таңда Оралда 3 лифт пайдалануға берілді, қалған 8 лифтіні ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Ақсайда «Алиби-лифт» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, 5 лифт жеткізілді, тағы бес лифт бойынша жұмыстар аяқталуға жақын.

Серіктес жаңалықтары