$ 541.18  636.05  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.09.2025, 10:12
Қоғам

Семейдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы: өзекті мәселелер мен жаңа мүмкіндіктер

Бағдарлама аясында тұрғын үйлерді жөндеуге ақша бөлінеді

Семейдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы: өзекті мәселелер мен жаңа мүмкіндіктер
Фото: depositphotos.com

Семей қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – халықтың тұрмыс сапасын айқындайтын өзекті салалардың бірі. Қалада ескірген көпқабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты мемлекет пен жергілікті атқарушы органдар бірқатар жаңа бастамаларды жүзеге асырып, тұрғындарға ортақ мүлікті күтіп-ұстау және жөндеу жұмыстарын жеңілдетуге жағдай жасап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 32-бабының 1-тармағында әрбір пәтер иесі кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуге міндетті екені көрсетілген. Яғни, тұрғындар өздері тұратын үйдің тек пәтеріне ғана емес, жалпы ғимараттың жағдайына жауапты. Бұл талап үйлердің ұзақмерзімді әрі қауіпсіз пайдаланылуына бағытталған.

Осыған байланысты 2023 жылдың 7 сәуірінде Семей қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге байланысты шығындарды өтеу қағидаларын бекіту туралы № 262 бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарлама бойынша тұрғындарға қайтарымды негізде қарыз қаражат бөлінеді. Қайтару мерзімі 7 жылдан 15 жылға дейін созылады. Бағдарламаға қосылу үшін тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар иелерінің кемінде 70 пайызы жазбаша келісім беріп, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй бөліміне өтініш тапсыруы тиіс.

Өтініш берілген соң бөлім конкурс ұйымдастырып, үйді жөндеуге қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейді. Мұндай тәсіл тұрғындар үшін айтарлықтай тиімді, себебі қаражатты бірден толық төлеу міндеттелмейді. Жөндеу шығындары ұзақ мерзімге бөлініп, қолжетімді деңгейде қайтарылмақ. Бұл Семей қаласында көпқабатты үйлердің жағдайын жақсартуға серпін беретін маңызды қадам.

Сонымен қатар, 2025 жылдың 15 қыркүйегінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Енді тұрғын үйді басқаруда тек қана басқарушы компаниялар емес, пәтер иелері кооперативтері (ПИК) де мердігер ретінде келісімшарт бойынша қызмет көрсете алады. Бұрын кооперативтер тек нысанды басқарушы рөлінде болса, енді оларды белгілі бір үйді басқару үшін жалдауға мүмкіндік бар. Бұл реформа бәсекелестікті арттырып, тұрғындарға басқару саласында таңдау еркіндігін береді.

Жалпы алғанда, Семей қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында бірқатар түйткілді мәселелер бар. Бірақ қабылданып жатқан бағдарламалар мен заңнамалық өзгерістер бұл бағытта оң өзгерістерге жол ашып отыр. Күрделі жөндеуге арналған жеңілдетілген қарыз бағдарламасы көппәтерлі үйлердің жағдайын жақсартуға мүмкіндік берсе, басқару жүйесіндегі реформа тұрғындардың мүддесін қорғап, тиімді басқару үлгісін таңдауға жағдай жасайды.

Семейдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының дамуы – тек тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне ғана емес, қаланың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне де тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл саладағы бастамалар мен реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру – уақыт талабы.

Серіктес жаңалықтары