Атырауда сотталушылар мектеп бітіріп, аттестат алды
Олардың арасында 40-тан асқандары да бар
Атырау облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ерлерге арналған УГ-157/9 және әйелдер отырған 157/11 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілер түрме аумағындағы мектепті бітіріп, аттестат алды деп жазды polisia.kz.
Орта білімді аяқтағандар арасында жасы 40-тан асқандар да бар. Коронавирустық инфекцияның алдын алу үшін жазасын өтеушілерге аттестат тапсырарда мекеме басшылығы барлық санитарлық талаптарды сақтаған. Ресми шарадан соң түлектер құжаттарын ұстап, естелік суретке түскен.
Қылмыстық-атқару кодексінің талаптарына сәйкес, сотталғандарға орта білім міндеттеледі. Ал 30-дан асқандар арасында сауат ашудың қажеттілігі туралы тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Егер ересектер арасында да орта білімі жоқтар кездессе, оқуға өздігінен өтініш білдіре алады. Жалпы, мектеп оқитын жазасын өтеушілердің тарих, география, «Адам, қоғам, құқық» пәндеріне қызығушылығы жоғары көрінеді.