Атырауда үлкен әйел үш жасар қыздың үстінен полицияға арыз түсірген (ФОТО)
Дәмханада үш және бес жастағы екі қыз ойыншыққа таласып қалған екен

Атырау қалалық полиция басқармасының басшысы Бақытбек Исаевтың атына «абсурдты» арыз келіп түскен: үш жасар қыз бес жастағы қызымды ренжітті деген әйел сол үш жастағы баланың үстінен арыз жазған. Кішкентай бүлдіршіннің анасы арыздың түпнұсқасын көрсетіп, қоғамда резонанс тудырды, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Менің үш жастағы қызымның үстінен полицияға арыз түскен. Дәмханада ойнап отырғанда менің қызым ойыншық шаңсорғышпен ойнап отырған. Жасы үлкендеу қыз ойыншыққа таласқанда оның шешесі араға килігіп, «қызыңызды тәртіпке салыңыз» деді. 10 минуттан кейін балалар ештеме болмағандай ойнап отыра берді, ал бес жастағы қыздың анасы болса полицияға барып, баланың (!) үстінен арыз жазған екен. Ең сорақысы, ол менің қызымнан өз қызының алдында кешірім сұрауын талап етіп отыр», - деп жазған Раушан Құсайын.
Арыздың суретін салып, осы оқиға туралы баяндап отырған келіншек өз тарапынан бұл жағдайға арыз-шағымы жоқ дейді. Арызды алып келген учаскелік полиция да жағдай абсурдты екенін айтыпты.
«Келген учаскелік полицияға өз тарапымнан ешқандай арыз-шағым жоқ екенін айттым, өйткені, бала болған соң ойыншыққа таласа береді. Учаскелік полиция да арыз түскен сәттен бастап бұл жағдайдың абсурдты екенін түсінген. Бірақ, арыз жазған әйел «шара қолданбасаңыз, үш жастағы қызға көретінді көрсетемін» депті. Сондықтан, полиция қызметкері жеке телефонын беріп, бір жағдай болса хабарласуымды сұрады», - дейді жазба авторы.
Бірақ ол қандай жағдай болмасын кішкентай баланың үстінен арыз жазған әйелге хейт жаудырудың мәні жоқ дейді.