Цифрландыру мен инвестициялық саясат Қазақстан экономикасын өзгертуге жол ашады – депутат
Мәжілісмен жолдаудағы негізгі екі идеяға баса назар аударды

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еркін Әбіл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Цифрландыру, яғни барлық саланы цифрлық жаңғырту – Жолдаудың басты идеясы деуге болады. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізудің басты мақсаты – жұмысты жүйелендіру және ашықтықты қамтамасыз ету. Әрбір теңге мен тиынның қайда жұмсалғаны анық көрініп тұруы үшін цифрландыру қазір аса қажет», - дейді Еркін Әбіл.
Ал екінші маңызды бағыт – инвестицияның жаңа циклін бастау.
«Бізде соңғы екі-үш жылда инвестиция тартуда бірқатар проблема қалыптасты. Инвестиция негізінен шикізат өңдеу саласына шоғырланды да, өңдеу өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына, ІТ саласына айтарлықтай шетелдік инвестиция құйылған жоқ. Сондықтан бұл жағдайды өзгерту керек. Егер елімізде ауыл шаруашылығы, ІТ және өңдеу өндірісі дамыса, жергілікті бюджеттерге түсім көбейеді, нәтижесінде олардың республикалық бюджетке тәуелділігі азаяды. Қазір кейбір аймақтардың бюджеті 70 пайызға дейін республикалық қаржыға тәуелді. Мақсат – бұл көрсеткішті үш жыл ішінде 35-40 пайызға дейін төмендету. Осы үшін салықтардың бір бөлігі жергілікті бюджетке берілді, ендігі міндет – өңірлік өнеркәсіп пен экономиканы дамыту. Сонда әр өңір өз табысын өз дамуына пайдалана алады», - деп санайды депутат.
Президент өз жолдауында инвестиция тек ірі бизнеске ғана емес, шағын және орта бизнеске де қажет екенін атап өтті.
«Шағын және орташа инвесторлар келуі керек. Үлкен бір миллиардтық жобаның орнына мүмкін бір миллиондық мың инвестор тарту керек шығар. Шағын және орта бизнес дегеніміз – азық-түлік шығару, тұтынушы тауарларын өңдеу және тағы басқа. Бұл импортты азайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде инфляция төмендеп, жұмыссыздық азаяды, халықтың табысы артады. Сондықтан осы екі негізгі бағыт – цифрлдандыру мен жасанды интеллектіні енгізу және инвестициялық саясатты өзгерту, үш-төрт жыл ішінде Қазақстан экономикасын өзгертуге мүмкіндік жасайды деп санаймын», - деп қорытындылады ойын Мәжіліс депутаты.