$ 538.2  629.64  6.34
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.09.2025, 14:36
Қоғам

«Қиыршықты Шайтантастан емес, басқа карьерден алып жатыр»: депутат Ұлытаудағы жол сапасына алаңдап отыр

Оның айтуынша, жобаға сай қиыршық тас осы Шайтантас карьерінен алынуы керек еді

«Қиыршықты Шайтантастан емес, басқа карьерден алып жатыр»: депутат Ұлытаудағы жол сапасына алаңдап отыр
Фото: мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалдин Ұлытауды басып өтетін «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының 208 шақырымындағы жол сапасына алаңдап, көлік министрінің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында «Өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керек. Бұл жөнінде қазір көп айтылып жүр, соның ішінде халықаралық форумдарда да талқыланып жатыр. Ірі транзиттік аймақ саналатын Қазақстан үшін бұл бағыт айрықша маңызды», - деп атап өткен болатын. Сондай жобалардың бірі «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының 208 шақырымы. Осы жерде жол салына бастағанда, Ұлытау жұрты қатты қуанды, өйткені, олар бұл жолды жылдар бойы күткен еді», - дейді ол.

Бірақ депутат осы өңірді аралаған кезде қуанышы су сепкендей басылғанын, үміттен гөрі күдігі басым бола түскенін айтып отыр.

«Жолға төселуі тиіс сапалы қиыршық тас жобада көрсетілгендей Шайтантас карьерінен емес, жол бойынан жағалай ашылған 27 карьерден тасылып жатыр. Бір геологиялық құрылымнан алынғандықтан, сапасы күмәнді. Бұл – ертең асфальттың қайта-қайта ойылып, миллиардтарымыздың босқа кетуі деген сөз.Өзім кезінде кенші ретінде талай тасты қолдан өткіздік. Сол тәжірибеммен айтсам – қазір дайындалып жатқан қиыршық тастардың сапасы көңілден шықпайды», - дейді ол.

Екінші мәселе ретінде ол мынаны атады - жол табаны дұрыс суарылмайды.

«Дұрыс суарылмаған соң дұрыс нығыздалмайды. Айналма жол – ақтаңдақ шаң. Халық шаң жұтып отыр, көлікпен жүру – қауіптің өзі. Өз көзіммен барып көрдім, ескерту жасалды. Бірақ біз кеткен соң бәрі баяғы қалпына түскен: жүк машиналары тентсіз, жолға су себілмейді. Бұл, жауапсыздық!», - дейді депутат.

Осыған байланысты ол көлік министріне бірнеше сұрақ қойды:

  1. Ұлытау облысындағы осы учаскеде сапаны бақылау мақсатында қанша тексеру жүргізілді? Қанша сынама алынды? Қанша пайыз сәйкессіздік анықталды?
  2. Жобаға сәйкес мердігерге «Шайтантас» пен «Қызылжардан» бөлек, тек ұлттық стандарттарға (ГОСТ, СНиП, СН РК және қолданыстағы ұсынымдарға) сай кез келген басқа карьерді пайдалануға рұқсат берілген. Бірақ бұл міндетті түрде Тапсырыс беруші мен Техникалық қадағалаушы (технадзор) келісіліп жасалуы тиіс. Осы келісімдер нақты бар ма? Егер бар болса, олардың заңдылығы қаншалықты негізді?
  3. Айналма жолдың шаңын басу, жүк көліктерін тентсіз жүргізбеу – неге орындалмай отыр? Мердігерлердің жауапкершілігі қайда?

«Бұл – жай жол емес. Бұл – Түркістан – Ұлытау - Астананың байланысы, Жезқазғанның болашағы, халықтың аманаты. Сол аманаттың сапасыз, шала-шарпы атқарылуына жол беруге болмайды! Осыған орай, құрметті Нұрлан Сауранбаев мырза, көтерілген мәселені жеке қадағалауыңызға алуды және депутаттық сауалға заңнамада көзделген мерзімде жазбаша жауап жолдауыңызды сұраймын», - деген ол.     

Серіктес жаңалықтары