Дәрігерлер қызметшіге айналып кетті – депутат медицина мамандарын қорғады
Ол ақ халаттыларға шабуыл жасайтындарды қатаң жазалауды талап етті

Президент Жолдауында дәрігерлердің мәртебесін көтеру мен олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шараларға ерекше назар аударылды. Соның бірі медицина қызметкерлерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осылай деген Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрым соңғы бес жылда ресми түрде дәрігерлерге жасалған 170-тен астам шабуыл тіркелгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай мен Қарағандыдағы оқиғалар, Сарыкемерде фельдшерге жасалған қарулы шабуыл және басқа да ауыр жарақаттарға, тіпті адам өліміне әкелген жағдайлар қазақстандықтарды қатты алаңдатты.
«Дәрігерлерге шабуыл жасау күнделікті құбылысқа айналды. Медицина қызметкерлері жұмыс барысында ашулы науқастар мен олардың жақындарынан дөрекілік көріп, балағат сөздерін де естіп жүр. Мұндай агрессия деңгейі басқа ешбір салаларда кездеспейді», – деді Гүлдара Нұрым.
Оның айтуынша, осындай шабуылдарға берілетін жаза тым жеңіл, көп жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартумен шектеледі.
Депутат денсаулық сақтау саласында дәрігердің абыройы төмендеп кеткенін атап өтті.
«Пациент әрқашан дұрыс» деген ұстаным дәрігердің мәртебесін түсіріп, медицинаны сервистік салаға айналдырды. Дәрігерден тек міндетін орындау талап етіледі, ал оның құқығы туралы ешкім ойланып жатпайды. Дәрігер – реформа жасайтын, медициналық ақпараттық жүйелерді құратын адам емес, емдеу хаттамаларын жазатын да маман емес. Оның басты міндеті – адамдарды емдеу және олардың өмірін сақтау», - деді депутат.
Гүлдара Нұрымның пікірінше, медицина қызметкерлеріне қатысты агрессия жекелеген жағдайдан асып, жүйелі проблемаға айналған. Ол бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне, жалпы ұлттың саулығына соққы болып отыр. Сондықтан дәрігерге жасалған зорлық-зомбылық тұрмыстық жанжал ретінде емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде бағалануы тиіс.
Депутат сонымен қатар медициналық мекемелерде қауіпсіздік шараларын міндетті түрде енгізуді ұсынды.
«Бейнебақылау, күзет, дабыл батырмалары, бейнежетондар болуы қажет. Мыңдаған адамның өмірін сақтап жүрген дәрігерлердің өз өміріне қауіп төнбеуі тиіс. Бұған мүлде жол беруге болмайды. Әрбір заңсыз әрекетке әділ баға беріліп, кінәлілер заң талабымен қатаң жазалануы қажет», – деді ол.
Гүлдара Нұрымның мәселені шешу үшін медицина қызметкерлеріне қарсы жасалған зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді және дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар әзірлеуді ұсынды.