Көктемге дейін 7,5 млн гектар жерді ауыл тұрғындарына әділ түрде бөліп беру керек – депутат
Президент Жолдауында жерді оның құндылығын түсінетін азаматтарға ғана беру керектігін атап өткен болатын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында Әділетті Қазақстанды құрудағы өз принциптерінің бұлжымас екенін көрсетіп келеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Ерлан Саиров мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, «Ықпалды Парламент», «Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» сияқты саяси тұжырымдамалар қоғам санасына берік орнықты. Ал қордаланған мәселелерді шешу үшін нақты жобалық тәсіл қажет, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Соңғы үш жылда «Жер аманаты» жобасы аясында 13,5 млн гектардан астам пайдаланылмаған және заңсыз иеленген ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Алайда оның жартысынан азы ғана, 6 млн гектары, жаңа жер пайдаланушыларға бөлінді. Бұл 7,5 млн гектар жердің бос жатуына және жер қорын тиімсіз пайдалануға алып келіп отыр», - деді ол.
Саировтың айтуынша, бүгінде 29 млн гектардан астам жер деградацияға ұшыраған, оның ішінде 3 млн гектарының топырағы тұзданған.
«Жерді тиімді түрде қайта бөлу үшін топырақтың сапасы мен өнімділігі жөнінде нақты дерек керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай ақпаратты жинақтайтын бірыңғай жүйе жоқ. Бұл тікелей азық-түлік қауіпсіздігіне, инвестициялық тартымдылыққа және ауылдағы жұмыспен қамтуға әсер етеді. Сондықтан Қазақстан халқына Жолдауында президент Тоқаев жерді оның құндылығын түсінетін азаматтарға ғана беру керектігін атап өтті, сондай-ақ жер қорының тиімді басқарылуы мен жер қатынастарының ашықтығын қамтамасыз ететін Жер ресурстарының цифрлық картасын жасауды тапсырды», - деді депутат.
Ерлан Саиров осы мәселеге байланысты «AMANAT» фракциясының депутаттарының негізгі ұсыныстарын атады:
- Келесі көктемгі егіс науқанына дейін қалған 7,5 млн гектар жерді ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы мұқтаждықтарына заңды, ашық әрі әділ түрде бөлу.
- Жер ресурстарының цифрлық картасы мен жайылым кадастрын жедел іске қосу, бұл, сонымен бірге, жайылымға мұқтаж фермерлер мен ауыл тұрғындарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- Нақты жер деректерін кадастрлық мәліметтермен интеграциялау.