Лотереяны алаяқтыққа пайдаланған адам 10 жылға сотталады – Бас прокуратура ескерту жасады
Бас прокуратура лотереяны кімдер және қалай ойната алатынын түсіндірді

Қазақстанның Бас прокуратурасы әлеуметтік желілерде кеңінен таралған лотереяларға назар аударып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әрине, құзырлы орган Қазақстанда лотереяны тек лотерея операторлары ғана өткізе алатынын басты назарға шығарып отыр.
«Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы», «Жарнама туралы» «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын қатаң сақтау қажет. Лотерея ұтысын лотерея операторлары ғана өткізе алады. Лотерея операторы – уәкілетті мемлекеттік органнан тиісті рұқсаты бар лотерея өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға», - деп хабарлайды Бас прокуратура.
Соның ішінде, лотерея операторы жоспарлаған ұтысының шарттарын Туризм және спорт министрлігімен келісуге міндетті дейді құзырлы орган.
«Ресми оператор емес және уәкілетті органнан рұқсат алмаған жеке тұлғалардың, сондай-ақ заңды тұлғалардың лотереялар өткізуіне қатаң тыйым салынады. Лотореяға тек 18-ге толған азаматтар ғана қатыса алады», - деп хабарлайды Бас прокуратура.
Бұдан өзге Бас прокуратура лотерея ұйымдастырғысы келген адамның жүлде қоры лотереядан түскен ақшаның кемі 50 пайызына тең болу керегін баса назарға алып отыр.
«Лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзған тұлғаларға кемі 500 АЕК, көбі 2000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал, лотерея қызметін алаяқтық мақсатта пайдаланған адам Қылмыстық кодекстің 190-бабына сай, 10 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деп хабарлайды Бас прокуратура.