Асхат Аймағамбетов түлектерге сәттілік тіледі
Министр Нұр-Сұлтан қаласындағы ҰБТ өткізу пунктерінің бірінде болды
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті базасында орналасқан ҰБТ өткізу пунктінде болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство басшысы талапкерлерді аудиторияларға кіргізу процесін бақылап, оларға сәттілік тіледі.
«Балалардың көңіл-күйі өте жақсы. Менің ойымша, атқарылған барлық шаралар – тестілеу тапсыру уақытын ұзарту, калькуляторларды пайдалануға рұқсат ету, мектептегі қорытынды емтихандардан босату және көптеген тегін байқау сынақтары айтарлықтай септігін тигізді. Бұл пунктіде ата-аналар барынша тәртіп сақтап, балаларын тестілеу пунктіне әкелген соң бірден кетіп отырды. Бұл - өте маңызды. Еліміз бойынша таңғы сағат 8-де барлық балалар аудиторияларға кіргізілді, өйткені балаларды көшеде ұстамай, ҰБТ-ны уақытында бастау маңызды. Аудиторияларда да балалар әдеттегіден әлдеқайда аз және балалардың қауіпсіздігі үшін тестілеу тапсырылатын лектердің жалпы саны 5-тен 15-ке дейін ұзартылды. Санитарлық талаптар да толығымен сақталды», – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.
Айта кету керек, ҰБТ өткізілетін әрбір пунктте медициналық-санитарлық нормаларға сәйкес барлық тестіленушілер дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өтті. Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде тестіленушілер арасындағы арақашықтықтың кемінде 2 метр болуы қамтамасыз етілді. Аудиториялар тек 35%-ға дейін толтырылған, әрқайсысында 10-18 адамнан бар.