$ 499.51  525.83  4.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.06.2020, 13:53
Қоғам

«Кір судың өзіне зар болып қалдық»: Ақмола облысында 226 ауыл тұрғындары таза ауыз суға жарымай отыр

Облыстағы ауылдарды таза ауыз сумен қамту үшін 72 миллиард теңгеге жуық қаражат керек

«Кір судың өзіне зар болып қалдық»: Ақмола облысында 226 ауыл тұрғындары таза ауыз суға жарымай отыр
Фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысында 590 елдімекенде 456 379 адам тұрып жатыр. Оның ішінде 226 ауылда су құбыры желісі мүлдем тартылмаған. Яғни, 86 мыңнан астам адамның таза ауыз су мәселесі шешілмеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Өкінішке қарай, ақмолалық жұрт ауыз суға жарымай келеді. 40-50 жылдан астам қолданылған құбырлар әбден тозған. Тіпті, облыс орталығы Көкшетау қаласының өзінде краннан ағатын су ішуге жарамсыз күйге түскен.

«Сарғайып кеткен кір суды қайтіп қолданамыз? Краннан аққан су тұрмыстық мақсатта ғана пайдалануға жарамды. Ал ауыз суды дүкеннен сатып алуға  мәжбүрміз. Көлігі барлар ішетін суды бұлақтан тасиды. Қаладағы жалғыз «Бармашино» деп аталатын бұлақта қысы-жазы ығы-жығы кезек болады. Ал көшедегі колонкалар қыс болса бірінен соң бірі қатып қалып, су алу қиынға соғады. Мен өзім Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр селосындағы теміржолдардың жанында орналасқан көп қабаты үйлердің бірінде тұрамын. Бізде күндізгі уақытта краннан мүлде су ақпайды. Біз бірнеше мәрте қала және облыс әкімдігіне шағымданып, хат жаздық. Олар құбырлар әбден тозғандықтан, қатты қысым жіберу мүмкін еместігін айтып, ешқандай көмек бере алмайтынын айтты. Осы мамыр айынан бастап кір судың өзіне де зар болып қалдық. Бірінші қабаттарда сыздықтап ағатын су екінші және одан жоғары қабаттарда мүлдем тамбайды. Су алу үшін түнгі он екіде тұрып, түні бойы тамшылап аққан суды ыдыстарға құйып аламыз. Олай етпесек, күні бойы сусыз қаламыз. Әкімдік еш әрекет жасар емес», - дейді Александра Сергеева.  

Қаланы сумен қамтитын «Көкшетау Су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Ермек Өмірғалиевтың айтуынша, су құбырларының жетпіс пайыздан астамы әбден тозған. Тіпті, Көкшетау қаласын сумен қамтамасыз ететін негізгі су қоймаларының суының өзі лайланған.

«Қазіргі таңда Шағалалы су қоймасындағы судың өзі лайланған. Су құбырларының басым бөлігінің тозығы жеткен. Сонымен қатар Көкшетау қаласының көлемі жылдан-жылға өсіп жатыр. Осыған орай, суды тұтыну мөлшері де артып келеді. Сорғылық станцияның өткізу қабілеті тәулігіне 21 мың текшеге ғана шамасы жетеді. Ал халық саны артқандықтан, біз қалаға  тәулігіне 30 мың текше су жіберуге мәжбүрміз», - дейді Ермек Өмірғалиев. 

Облыс орталығы ауыз суды жылдар бойы Көкшетаудан 176 шақырым қашықтықта орналасқан Сергеев және қала іргесіндегі Шағалалы су қоймаларынан алып келеді. Дегенмен, су тазарту станциясының құрылғылары әбден тозғандықтан, су сапасы ішуге жарамсыз күйге түскен. 

«Сергеев су қоймасынан суды бізге жіберу шектелгендіктен, біз Шағалалы су қоймасына екі сорғылық агрегатты іске қосуға мәжбүрміз. Яғни Шағалалы су қоймасынан су айдау көлемін ұлғайттық. Станция  1970 жылы, яғни, осыдан елу жыл бұрын салынған. Пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Ал қаланың қазіргі қажетті су көлемін беруге мүмкіндігі жетпейді. Біз жарылған, тозған су құбырларын үнемі ауыстырамыз. Су тазарту стансасында құмды, сорғылар мен су таратқыштарды ауыстырып, біршама жаңарту жұмыстарын жүргіздік. Станция қазіргіден де көп мөлшердегі суды да қабылдай алады. Бірақ, оны қайта өңдейтін ресурс жоқ. Тәулігіне көп дегенде 21 мың текше суды ғана өңдеуден өткізуге қауқарлы. Осыдан 9 жыл бұрын 2011 жылы жаңа су тазарту станция салынуы керек болған. Жаңадан салынуы тиіс станция 60 мың текше суды өңдеуге қабілетті болуы тиіс еді. Бірақ, құрылыс аяқталмай, аяғы құрдымға кетіп, арты сиыр құйымшақтанып кетті. Құрылысы басталған станция қазір тоқтап тұр», - дейді «Көкшетау Су Арнасы» су құбырын тазарту құрылысының директоры Сергей Сидоренко. 

Ал осы жылдың ақпанында Көкшетау қаласында су құбырларының бірінде ірі апат болып, құбыр жарылғандықтан, халық бірнеше тәулік бойы сусыз қалды. Тұрғындардың айтуынша, бұл да құбырлардың қатты тозуынан болған.

Көкшетау қаласындағы ауыз су сапасының сын көтермейтінін облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина да мойындады. 

«Краннан суды ішуге болмайды. Себебі бактериялық және химиялық көрсеткіштері талапқа сай емес. Көкшетауда ауыз суға қатысты аурулар жоқ. Өйткені көкшетаулықтар көп жылдар бойы краннан су ішпейді. Дегенмен, ұзақмерзімді салдары байқалады. Соңғы он жылда қалада ағзада тас жиналу аурулары көбейген», - дейді Айнагүл Мусина. 

Ауыз судың тапшылығын Ақмола облысының басқа да аудандарының тұрғындары тартып келеді. Мәселен, облыстың курортты аймақтарының бірі – Зеренді ауданының Өзен ауылы таза ауыз суға жете алмай келеді. 

«Біз осыған дейін су тартылған жайлы пәтерлерде тұрдық. Құдық қазуға рұқсат берілмейтін. Бірақ қазіргі кезде жұрттың бәрі өздері құдық қазып, үйлерінің жанына септик сала бастады.  Ауылдағы ескі құдықтардың тозығы әбден жетті. Біз су құбырын тартуды сұраймыз», - дейді Зеренді ауданы, Өзен ауылының тұрғыны Сұлушаш Исагаева. 

Ал ауыл әкімі тұрғындардың суды таза құдықтардан ішіп отырғанын, болашақта орталықтандырылған су құбырын тарту жоспарланғанын айтып ақталды. 

«Ауыл тұрғындары суды құдықтардан ішеді. Орталықтандырылған су құбыры тартылған жоқ. Бірақ болашақта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Өркен және Өзен ауылдарына орталықтандырылған су тарту жоспарланып отыр. Осы жылы жобалық-сметалық құжаттамасын жасаймыз. Су қорынан таршылық жоқ. Былтыр Өзен ауылының мектебінде ұңғыма орнатып, суды ішке тарттық және әжетхана орнаттық. Сапасы талапқа сай болды», - дейді Зеренді ауданы, Күсеп ауылдық округының әкімі Беркенді Бекболатов. 

Өңірдегі ауыз судың жалпы хал-аһуалын саралау үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығымен басшысынан да пікірін білмек болдық. Мекеме басшысының айтуынша, қазіргі таңда еліміздің барлық елдімекендерінің ауыз сумен қаншалықты қамтамасыз етілгендігін нақты ақпараттар жинақталған www.auylsu.kz сайты іске қосылды. Сайт облыстағы кез-келген ауданда немесе елдімекендердегі сумен қамту саласы туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. 

Сонымен, аталған сайтта көрсетілген деректерге сүйенсек, Ақмола облысында жалпы 590 елдімекенде 456 379 адам тұрып жатыр. Осылардың ішінде 364 ауыл таза ауыз сумен қамтылған. Ал 226 ауылда су құбырлары желісі мүлдем тартылмаған. Яғни, 86505 адамның таза ауыз су мәселесі шешілмеген. Сондай-ақ облыс аумағындағы ауылдарда 5 мың шақырым сумен қамту желілері тартылған. Дегенмен, қазіргі уақытта құбыр желілерінің жартысынан астамы яғни 52,3 пайызы жөндеуді қажет етеді.

Сайттағы мәліметке сенсек, Ақмола облысындағы ауылдарды таза ауыз сумен қамту үшін 72 млрд теңгеге жуық қаражат керек.

Абзал Алпысбайұлы, 

Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары