Ресейдікінен 15 күн ерте піседі: қазақ ғалымдары «Сыр сұлуы» атты күріштің жаңа сортын ойлап тапты
Жаңа күріш сорты 105-110 күнде пісіп-жетіледі екен

Қызылорда облысында Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «Сыр сұлуы» деп аталатын жаңа күріш сортын сынақтан өткізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сынақ нәтижесі көрсеткендей, жаңа күріш сорты 105-110 күнде пісіп-жетіліп, жергілікті ауа райы мен топыраққа толық бейімделген. Барлық агротехникалық талап орындалған жағдайда гектарынан 80-85 центнерге дейін өнім алуға болады.
Ал қазір Қызылорда облысында негізінен ресейлік күріш сорттары өсіріледі. Оларға толық пісіп-жетілу үшін 120-125 күн уақыт қажет.
«Әлемде климаттың өзгеруін ескерсек, осындай жаңа дақыл түрлері бұрыннан өсіріліп жүрген суды көп қажет ететін сорттарға жақсы балама бола алады. Бұл ғылыми жұмыстың нәтижесі ауыл шаруашылығының дамуына және күріш алқаптарында су тұтынуды азайтуға оң ықпал етеді», – деді институттың басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Жанұзақ Байманов.
Бұдан бөлек қазақ ғалымдары Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп венгрлік Water Retainer жаңа препаратын сынақтан өткізіп жатыр. Ол топырақтағы ылғалды ұзақ сақтауға көмектеседі.
«Бірінші сынақ кезеңінде төрт ғылыми-зерттеу институты қатысты. Сынақ нәтижесінде препарат күріштің өсу кезеңін қысқартып, суды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік беретіні анықталды. Әдетте күрішке 90 күн бойы су жіберіледі, ал бұл препаратты қолданғанда бар болғаны 51 күн суару жеткілікті», – дейді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ғылыми және инновациялық технологиялар департаменті директоры Ләззат Жүсіпова.
Биыл бұл препарат Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола және Жетісу облыстарындағы егістіктерде тәжірибе жүзінде қолданыла бастады.