Шымкентте есікті қатты қаққаны үшін оқушыны ұрған мұғалімге сот үкімі шықты
Оқушының жақындары ер адамға қатаң жаза беруді сұраған

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сабақ кезінде оқушыны ұрған мұғалімге үкім шықты. Ер адам 25 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға биыл наурыз айында болған. Мектеп-лицей мұғалімі сабақ кезінде оқушының есікті қатты тақылдатқанына ашуланып, оны бірнеше рет ұрған.
Ер адамға Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігі 8) тармағы (ұрып-соғу; тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекет) бойынша айып тағылған.
Сот барысында мұғалімнің кінәсі дәлелденді. Прокурор сотталушыға қамауға алу жазасын тағайындауды сұраған. Ал жәбірленуші тарап оған кешірім бермейтінін айтып, қатаң жаза сұраған.
«Сот ер адамның кінәсін толық мойындап, іс-әрекетіне шынайы өкінетінін ескерген. Іс бойынша оның жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Осылайша сот оны 109-1-бабы 2-бөлігі 8) тармағы бойынша кінәлі деп танып, 25 тәулікке қамауға алу жазасын тағайындады», - делінген Шымкент қалалық сотының хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.