Жамбыл ауданында сапалы медициналық көмек қолжетімді бола түсті
Ауылдарда жаңа медициналық пункттер ашылып, дәрігерлер саны артып келеді

Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында тұрғындардың денсаулығын қорғау мен медициналық қызметтің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары жаңа медицина нысандарын салу, кадрлық әлеуетті күшейту және заманауи құрал-жабдықтарды енгізу арқылы ауданның медицина саласы қарқынды дамып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгінде ауданда тәулік бойы қызмет көрсететін 51 төсек-орындық аудандық аурухана, 67 төсек-орындық күндізгі стационар мен бір ауысымда 130 адамды қабылдай алатын емхана, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшер-акушер пункті мен 34 медициналық пункт бар. Жамбылдықтарға 25 дәрігер мен 1 провизор қызмет көрсетеді. Дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққанда – 14,8, ал орта медицина қызметкерлері бойынша 75,0 құрайды.
Жамбыл ауданына жас та болса білікті медицина мамандары қоныс аударып, ақ халатты абзал жандардың қатары толығып жатыр. Бұл – аудан тұрғындары үшін сапалы әрі қолжетімді медициналық көмектің кеңеюіне жол ашады. Мәселен, биыл ауданда акушер-гинеколог жұмысқа кірісті. Алайда әлі де хирург пен терапевтке қажеттілік бар. Осы жылы орта медицина қызметкерлерінің 8 бос жұмыс орны жабылды. Медицина колледжінің 4 түлегі «Жастар практикасы» аясында жұмысқа тұрған, тағы 2 түлек келеді деп күтілуде. Қоныс аудару бағдарламасы арқылы Пресновка ауылына 1 орта медицина қызметкері келді.
Жамбыл аудандық ауруханасы ауылдарға медицина қызметкерлерін тарту үшін жоғары оқу орындары ұйымдастырған жәрмеңкелерге белсене қатысады. Бұған қоса мансап орталығымен тығыз байланыс орнатқан.
Жамбыл ауданының медицина мамандары 16 456 тұрғынға қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Кладбинка, Айымжан және Баян ауылдарында жаңа медициналық пункттер салынған.
Ауданның шалғай елді мекендеріне дәрілік заттарды жеткізу үшін жылжымалы медициналық кешен базасында дәріхана пункті ашылды. 2025 жылдың 7 айында жылжымалы кешендер жоспардағы 5300 адамның орнына 11 082 адамды (209%) қамтыды, соның 1868-ы – балалар. Диагностикалық тексеріс – 3061, зертханалық зерттеу – 1526, бейінді мамандардың консультациялары – 2751 жүргізілді.
Аудан бойынша 5 ауылдық округ пен Пресновка ауылында барлығы 10 санитарлық көлік бар. Шұғыл медициналық көмек емхананың жұмыс уақытында мобильді бригадалар арқылы көрсетіледі. Ал түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері Пресновка ауылындағы қосалқы станцияда жедел жәрдемнің бір бригадасы жұмыс істейді.
Осылайша, Жамбыл ауданында медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға, кадр тапшылығын азайтуға және шалғай ауылдарды сапалы медициналық көмекпен қамтуға бағытталған жүйелі жұмыс жүріп жатыр.