Бестерек ауылындағы трагедия: дәрігерлер Астанаға әкелген екі бала әлі реанимацияда жатыр

Автор: Нұргүл Абай

Дәрігерлер балаларды елордаға кеше жеткізген

Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Абай облысынан санавиация бортымен Астанаға жеткізілген екі баланың жағдайы әлі де ауыр. Бұл туралы елорданың денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Балалар Астанадағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жатқызылған.

«21 тамыздағы ақпарат бойынша Абай облысынан елордаға жеткізілген балалардың жағдайы әлі де ауыр. Екі бала да жансақтау бөлімінде жатыр», - делінген хабарламада.

Зардап шеккен үшінші бала Үржар аудандық ауруханасында қалды. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы өте ауыр.

Естеріңізге салайық, 19 тамыз күні Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші 6 баланы қағып кеткен. Салдарынан үш бала қаза тапты, қалған үшеуі ауыр хәлде ауруханаға жатқызылған. Көлік қағып кеткен балалар ата-әжесіне қыдырып барған. Ауруханаға түскен үш баланың екеуін санавиация 20 тамызда Астанаға жеткізді.

Кейінірек белгілі болғандай, жол апаты болған кезде ер адам зайыбымен бірге келе жатқан. Дереккөздерге сүйенсек, ер адамның жүрегі ұстап қалған көрінеді.