Жамбыл облысында жұмысынан қуылған мұғалім мектепті сотқа беріп, жеңіп шықты
Педагог былтыр зейнет жасына толған

Жамбыл облысы Жуалы ауданының зейнеткер мұғалімі өзі сабақ берген орта мектепті сотқа беріп, жеңіп шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғары соттың ақпаратынша, Жуалы ауданында 1991 жылдан бері мектепте сабақ берген тарих пәнінің мұғалімі 2024 жылы желтоқсан айында зейнет жасына толған. Осыдан кейін ол мектеп директорына оқу жылының соңына, яғни 2025 жылғы мамырға дейін жұмыс істей тұруға өтініш білдірген. Алайда жұмыс беруші оның арызын елемей, зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты жұмыстан босатқан. Мұғалім бұл шешімді заңсыз деп тауып, сотқа арызданған.
Сот іс материалдарын зерттей келе, мектеп Еңбек кодексінің, ұжымдық шарт пен салалық келісімнің нормаларын өрескел бұзғанын анықтаған.
Осылайша Жуалы аудандық соты мұғалімді жұмыстан босату туралы бұйрықтың күшін жойып, мектеп басшылығын әйелді қайта жұмысқа алуды және 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы мамырға дейінгі кезең үшін 2,1 млн теңге жалақысын өтеуге міндеттеген. Сонымен қатар, арызданушының пайдасына 100 мың теңге моральдық шығын мен өкіл қызметі үшін 250 мың теңге өндірілді.
Бұған қоса сот анықталған заңбұзушылықтарға байланысты аудан әкімдігінің білім бөліміне оларды жою туралы жеке ұйғарым шығарды.
Мектеп директоры соттың шешіміне келіспей шағым түсірген. Алайда Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымын өзгеріссіз қалдырды.
Сот актілері заңды күшіне енді.