Университет басшылығы марқұмның отбасына қаржылай көмек көрсеткен
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ректорат ғимаратының 14-ші қабатынан секіріп кеткен студент қыздың өліміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір қайғылы оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатыр.
«Жоғары оқу орнының басшылығы ата-анасына бірден хабарласып, проректорлар қолдау жасап, қаржылай да көмек көрсетіп, жаназасына қатысып шықты. Ата-анасымен тікелей байланыстамыз. Ресми ақпарат жақында жарияланады, күтейік», - деді министр Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Azattyq Rýhy тілшісі Саясат Нұрбек студент қыз жазғы каникул уақытында университетке не үшін барғанын сұрады.
«Оны біз білмейміз, оны тергеу анықтайды. Біздегі ақпарат бойынша қыздың өліміне отбасылық жағдай себеп болған», - деді ведомство басшысы.
Министр марқұм ректорат қабырғасында соңғы рет кіммен сөйлескенін анықтауға уәде етті.
Естеріңізге салайық, шілде айының соңында Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде ректорат ғимаратының 14-ші қабатынан студент секіріп кеткені туралы ақпарат тарады. Қыз бірінші курсты тәмамдаған.