$ 539.49  627.7  6.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қанат өте жуас, адамға тез үйреніп кетті»: Қарағанды тұрғыны сыңар қанат үкіге екінші өмір сыйлады (ВИДЕО)

Ол құсты даладан тауып алған 

«Қанат өте жуас, адамға тез үйреніп кетті»: Қарағанды тұрғыны сыңар қанат үкіге екінші өмір сыйлады (ВИДЕО)
Фото: gov.kz

AMANAT партиясының Қарағанды облыстық филиалының баспасөз хатшысы Анар Шаймерденова жаралы үкіні аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Анар Шаймерденова қала сыртында бір қанаты жараланған үкіні көріп қалады. Құс ұша алмайды екен.

«Демалыс күндері отбасымызбен қала сыртына шықтық. Бұқар жырау ауданында, Қарағандыдан шамамен 110 шақырымдай жер болатын. Бір кезде үкіні көзім шалды. Ол ауыр қозғалып, дыбыстан үркіп, тығылуға тырысты. Қиналып жатқаны бірден байқалды. Жанынан жай өтіп кете алмадым. Ақырын орамалға орап, көлікке салдым. Су беріп, қалаға алып келдім. Жол бойы ветеринарлық клиникаларға хабарластым, бірақ кеш түсіп кеткендіктен, мекемелердің бәрі жабық еді. Үкі түні бойы менің үйімде болды, ал таңертең травматологқа апардық», – дейді Анар Шаймерденова.

Дәрігерлер құстың қанаты бұрыннан сынғанын, еті өле бастағанын анықтап, кесіп тастайды.

Отадан кейін Анар құсты үйіне алып келіп, орнитолог мамандардың кеңесіне сүйене отырып, күтім жасай бастаған. Құстың жынысы мен жасы да анықталған, ол сегіз айлық аталық үкі екен. Құтқарушы оған «Қанатик» деген ат қойыпты.

Қазір Анар құсты күніне екі рет арнайы қысқашпен тамақтандырып, екпе салып, жарасын тазартып, қажетті дәрілерін беріп отыр. Әлеуметтік желідегі достары да қолдау білдіріп, кең тор сатып алуға көмектескен. Тор дайын болғанша, үкі балконда тұрып, әл жинап жатыр.

«Жабайы құсты алғаш рет асырап отырмын. Қанатик өте жуас, адамға тез үйреніп кетті», – дейді Анар.

Ол құс толықтай оңалып, жағдайы жақсарған соң, оны жақсы күтім көрсете алатын адамдардың қолына, не жабайы құстарға ыңғайлы ортаға табыстауды жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары