$ 536.58  622.75  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.08.2025, 12:43
Қоғам

Жұмысшы мамандықтар жылында кәсіптік білімді «Б» жоспарынан «А» жоспарына айналдыру керек - Санжар Тәтібеков

Қазір 4100-ге жуық кәсіпорын 600-ге жуық колледжге қамқорлық жасап отыр

Жұмысшы мамандықтар жылында кәсіптік білімді «Б» жоспарынан «А» жоспарына айналдыру керек - Санжар Тәтібеков
Фото: «Talap» орталығы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылының» аясында кәсіптік білімге қатысты таптаурындарды өзгертіп, шын мәнінде колледжге түсуді «Б» жоспарынан «А» жоспарына айналдыру керек. Осылай деген техникалық және кәсіптік білім саласын дамытудағы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Talap» ұйымының президенті Санжар Тәтібеков маңызды реформалар туралы ойын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Санжар Тәтібековтің айтуынша, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында біз «еңбекпен биікке жет» деген идеологияны дәріптеуіміз керек.

«Расымен де, президент «Жұмысшы мамандықтар жылын» тегіннен тегін жариялаған жоқ. Бұл қоғамда «еңбекпен биікке жет» деген идеологияны дәріптеу деген сөз. Ал ол идеологияны, ол ойды біз кімге дәріптеуіміз керек?  Бұл – қоғамға, соның ішінде жас өрендерге бағытталған үндеу. Бұл - мемлекетіміздің діңгегі жұмысшы мамандықтар екенін көрсету. Менің ойымша, бұл жылдың басқа жылдардан ерекшелігі - мемлекеттің бизнес қауымдастық пен білім беру саласын бір бағытқа жұмылдыруы дер едім. Оқу-ағарту министрлігі бар, Ғылым және жоғары білім министрлігі бар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бар, бәрі бір түйінге жиналатын жыл. «Жұмысшы мамандықтар жылында» үкіметтің қаулысымен қабылданған нақты 70 қадам бар. Бірақ, мәселе ода емес, мәселе оны сапалы орындауда. Бұл жылдағы маңызды жұмыс – «Жұмысшы мамандықтар жылында» нақты-нақты реформа жасау. Қазір «Жұмысшы мамандықтарды дамытудың» жол картасы жүзеге асып жатыр. 2025-2027 жылдар аралығында бұл дүние жалғаса береді. Президент Жолдауында «жұмысшы мамандықтардың өкілдері мемлекеттік қызметке келе алады» деді. Бұл – бірінші реформа. Сондай-ақ, мемлекеттік наградалар тізіміне салалық наградалар да кірсін деген үндеу жолдады. Ол қазір орындалып жатыр. Ол да бір реформа. Үшінші маңызды нәрсе – жұмысшы мамандықтардың әл-ауқатын көтеру үшін ипотекалық бағдарлама басталды», - дейді Санжар Тәтібеков.

Ал жұмысшы мамандардың имиджін көтеріп, еліміздегі кәсіптік білімді пристижді білімге қалай айналдырамыз деген мәселеге тоқталған ол озық елдерді мысалға келтірді.

«Расымен де, қоғамның белгілі бір өкілдерінде «кәсіптік-техникалық білім беру орындарын престижді емес оқу орындары ретінде санайтын таптаурын көзқарас қалыптасқанын бәріміз білеміз. «Осы таптаурынды жастардың көзінше, қоғамның көзінше қалай өзгертеміз?» деген сұрақ мені де мазалайды. «Модный»» мамандықтан қажетті мамандыққа қалай ауысамыз? Бұл бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті сұрақ. Әрине, біз енді шетелдік тәжірибені зерттеу үшін сондағы әріптестерімізбен тығыз байланыстамыз. Мысалы, мен Австрия еліндегі әріптестеріммен сөйлескенде «сіздерде жастардың қанша пайызы колледжге түседі?» деп сұрадым. Олар «мектеп бітірген жастардың 70 пайыздайы колледжге барады» дейді. Біздегі бұл көрсеткіш әзірге 30 пайыз. Осы таптаурынды өзгертуіміз керек. Бұл барьер «еңбекпен биікке жет» деген үлкен қағидатты қалыптастыруға да кедергі келтіретін ойдың бірі деп ойлаймын.  Түптеп келгенде, «Жұмысшы мамандықтар жылында» колледжге түсуді түсуді «Б» жоспарынан «А» жоспарына айналдыру керек. Яғни, колледждің толыққанды старт алаңы екенін көрсетуіміз керек. «Колледжде оқып жүріп жұмыс істей аласың, колледжге келу арқылы кейін 100 пайыз жұмысқа орналаса аласың. Колледжге келіп, бизнес-стартаптар арқылы бизнес аша аласың. Колледжге келіп сен халықаралық сертификат ала аласың» деген принрциптерді қайталай беруіміз керек, қайтала беруіміз керек», - дейді ол.

Санжар Тәтібековтің мәліметтеріне сенсек, қазір «Дублер күні» деген жоба аясында мектептің жоғарғы сынып оқушылары өндіріске барып, жұмысшылардың бір күнгі жұмысымен таныса алады, тіпті, істеп көре алады.

«Жұмысшы мамандықтар жылында» Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жұмысшы мамандықты дәріптеу жалғасып жатыр. «Кәсіби бағдар» жобасы аясында колледждерде мыңға жуық профиль сыныптар ашылды, 500 мыңға жуық мектеп оқушылары кәсіпорындарға барды. «Дублер күні» деген жоба аясында оқушылар өндіріспен танысады. Екі мыңға жуық мектеп оқушысы жұмысшы мамандықтар жылы аясында біліктілік алып жатыр. Жыл соңында толық есебі шығады. Сондай-ақ, енді колледжге қабылдау ережесіне сай, әр бала кәсіби диагностикадан өтеді, соның арқасында баланың қай мамандыққа икемі бар екенін анықтаймыз. Яғни, бұрынғыдай «адасып» түскен студенттердің алдын алып жатырмыз. Кешенді жұмыстар басталды, жыл соңында нәтижесін көреміз», - дейді мәселені жан-жақты түсіндірген ол.

Бұл ретте Санжар Тәтібеков атап өткендей, бизнес қауымдастық пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауы әрі дұрыс көзқарасы өте маңызды.

«Кәсіби техникалық білім жүйесінің басқа салалардан айрымашылығы – бұл практикаға бағытталған білім беру. Былтырдан бергі көрсеткіштерді санасақ, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы болса, соның алты мыңын бизнес өкілдерімен бірге отырып жасадық. Былтыр 2700 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтсе, соның мыңнан астамы профильдік курстан өтті. Болмаса, «қамқорлық жасау» жобасының аясында былтыр 400 кәсіпорын 500-ге жуық колледжді қамқорлыққа алса, биыл жыл басынан бері, дәлірек айтсақ, шілде айының соңында 4100-ге жуық кәсіпорын алты жүзге жуық колледжге қамқорлық жасайды. Бұл алты айдың ғана нәтижесі. Олардың бәрі меморандум аясында жұмыс істеп жатыр. Қорыта айтсақ, бизнес-қауымдастықпен үйлесім болмаса, біздің кәсіптік-техникалық білім дамымайды», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары