$ 537.53  620.52  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Банк жалғызбасты ананың 1,5 млн теңге несиесін кешірді»: «Қарызсыз қоғам» жобасы халыққа қалай көмектесе алады

Еліміздегі қылмыстардың 4/1 бөлігін интернет алаяқтық құрап отыр

«Банк жалғызбасты ананың 1,5 млн теңге несиесін кешірді»: «Қарызсыз қоғам» жобасы халыққа қалай көмектесе алады
Фото: Azattyq Ruhy

Қиын қаржылық жағдайға тап болып, белшесінен қарызға батқан ағайынға заңды көмек ретінде қолғабыс көрсеткен «Қарызсыз қоғам» жобасына биыл 3 жыл толып отыр. «AMANAT»  партиясының бастамасымен жүзеге асып отырған жобаға 845 мыңнан астам қатысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алаяқтардан қорғану мен қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында «Өзіңізді қаржылық алаяқтықтан қалай қорғауға болады» тақырыбында семинары өтті. Семинарға жастар мен зейнеткерлер қатысты. Семинарда белгілі болғандай, еліміздегі қылмыстардың 4/1 бөлігін интернет алаяқтық құрап отыр.

ІІМ киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бейбіт Біржановтың айтуынша, бұл көрсеткіш ұрлық санынан да асып кеткен екен. 

«Біздің департамент былтыр қарашадан бастап жұмыс істей бастады. Жарты жылда Қазақстаннан тыс 67 млн-ға жуық қоңырау бұғатталды. Бұл күніне әр азаматқа түсетін бір қоңыраудың жолы кесілді деген сөз. Осындай қоңырау шалуға арналған 76 құрылғы ел аумағынан тәркіленді. 88 мың тіркелмеген телефон нөмірі анықталды», - деді Біржанов.   

Өз кезегінде «Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы Дулат Мыңбаев жоба аясында қандай кейстер шешілгенін атап өтті.

«Қарызсыз қоғам» жобасы еліміздегі көп азаматқа нақты көмек беріп жатқан бастама. Жоба аясында қиын жағдайға тап болған тұрғындар қолдау тауып, қаржылық сауаттылықтарын арттыруға мүмкіндік алды. Бүгінгі тақырып – қаржылық алаяқтық. Азаматтарымыз тек қаржы пирамидалары немесе интернет алаяқтардың ғана емес, кейде өз таныстарының да арбауына түсіп қалып жатады. Мысалы, кей жағдайларда жақын туыстары немесе достары олардың атына бірнеше несие рәсімдеп, кейін ол қарызды төлемей кетіп қалады. Ал несие әлгі адамның мойнында қалады», - дейді сарапшы.

Сарапшы бұндай схеманың салдары қандай ауыр болатынын көрсету үшін нақты адамдардың тағдырын мысал еткен. Мәселен, жалғызбасты дәрігер танысына несие алып беремін деп тығырыққа тірелген.

«Бұл адам кәсіп ашамын деген танысына сеніп өз атына 13 миллион теңге несие рәсімдеген. Айлық табысы небары 350 мың теңге болғанымен, несие жүктемесі 500 мың теңгеге жеткен. Танысы ақшаны алған соң ізім-ғайым жоғалңан. Кейін білсе ол алаяқтық фактісі бойынша сотталған адам екен. Бірақ, бұған қарамастан, несие дәрігердің мойнында қалды. Жоба аясында біздің заңгерлеріміз оған көмек көрсетіп, несие төлейтін кестесі жалақысына сай құрылды. Қаржылық сауаттылық курсынан өтіп, қазір несиені уақытылы өтеп отыр», - дейді Дулат Мыңбаев.

Осыған ұқсас тағы бір оқиға Қызылорда қаласында болған екен.

«2018 жылы сәбиінің емі үшін несие рәсімдеген азаматшаның өкінішке қарай сәбиі шетінеп кеткен. Тұрақты табысы болмағандықтан қарызын жаба алмай қалған. Астана қаласына келіп, әртүрлі жұмыс істеп жүргенде «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы естіп, «AMANAT»  партиясына өтініш білдірген. Біздің мамандар оның несие тарихын қалпына келтіріп, банкроттық рәсімін реттеп, барлық қарызын заңды түрде жапты», - дейді ол.

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылықты арттыратын сабақтар онлайн және офлайн форматта өтеді. Қазір таңда барлық азамат сайт арқылы қазақ және орыс тілдеріндегі сабақтарға қатыса алады.

Жоба аясында оқушылардан бастап зейнеткерлерге дейін қаржы басқару негіздерімен танысып, қарыздан құтылу жолдарын меңгере алады. Мыңбаев атағандай, 2025 жылдан бастап, бұл жоба несиесін 90 күннен аса өтей алмай жүрген азаматтарға бағытталған.

«Біз мұндай азаматтарға заңгерлік кеңес беріп, қиындықтан шығудың тиімді жолдарын ұсынамыз», - деді ол.

«Қарызсыз қоғам» жобасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдіктерінің, сондай-ақ Қазақстанның 12 коммерциялық банкінің қолдауымен жүзеге асып келеді.

Жобаның сарапшысы Жұлдыз Асқарованың айтуынша, осы уақытқа дейін қиын жағдайға тап болған азаматтардың мәселесі оңынан шешіліп келеді.

«Үш жыл ішінде 845 мың азамат «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылық курстарынан өтті. Ал 2025 жылдың басты ерекшелігі – мерзімі 90 күннен асқан қарызы бар азаматтарға басымдық беру», - деді ол.

Бүгінгі таңда:

  • 360 мыңға жуық адам жоба аясында көмек алды;
  • 200 мың адам онлайн қаржылық курсынан өтті;
  • 50 мың адам офлайн сабақтарға қатысты;
  • 70 мың адамға заңгердің кеңесін алған.

Сонымен қатар, жобаға келген жалғызбасты ананың бір жарым миллион теңге көлеміндегі проблемалық қарызы кешірілген.

«Жоба әр қатысушының қаржылық жағдайын, қарызының көлемін ескере отырып, жеке шешімдер әзірлейді. Жобаға қатысқан адам үш жыл бұрын көлік апатына түсіп, денсаулығына байланысты жұмыс істей алмай қалған. Жалғызбасты ана ретінде несиемен өмір сүруге мәжбүр болған және банктен алған қарызын өтеуге шамасы жетпей, күрделі борышкерлер санатына енді. Ол «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, үш күндік курс арқылы қаржылық сауаттылығын арттырды, заңгердің көмегіне жүгінді. Нәтижесінде, банкроттық рәсіміне өтінім беріп, бір жарым миллион теңге көлеміндегі қарызы кешірілді», - дейді ол.

ҚМА департамент басшысының орынбасары Андрей Давыдов еліміздегі қаржы пирамидаларының құрығына қалай түсіп қалмау керегін түсіндірді.

«Елімізде 2021 жылдан бастап 100 қаржы пирамидасы таратылды, олардан 86 мың салымшы зардап шеккен. Олар 37 млрд теңге залал келтірген. Қаржы пирамидаларын құрғаны үшін 226 адам сотталды. Егер сіздерге қарыз беремін, ақшаңды өсіріп беремін деген ұсыныстар түссе, оны мұқият қарап, құзырлы органдарға жауап хабар беру керек. Қаржы пирамидаларына кірген адамдардың тек бастапқылары ғана табыс табады. Қалғандары опық жеп, ақшасынан айырылады. Бұл схемаларды әр азаматтың білгені абзал. Желілік маркетинг пен қаржы пирамидаларын ажыратып алу керек. Маркетингте сіз сапалы тауар аласыз ал, қаржы пирамидалары ақша салып, артыңыздан ақша салатын адам тартуды сұрайды», - деді Давыдов.

Айта кетейік, қаржы сарапшылары семинарға жиналған 500-ге жуық адамды жеке қабылдап, кеңес берді.

Серіктес жаңалықтары