Қазақстан негізгі азық-түлікпен өзін әлі толық қамтамасыз ете алмай отыр – ЖАП
Азық-түлік қауіпсіздігі саласында 66,2 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған

Қазақстанда негізгі азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 80 пайызға да жетпейді. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ЖАП ветеринариялық-санитариялық, фитосанитариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізген. Тексеріс ауыл шаруашылығы министрлігін, оның жекелеген комитеттері мен оған бағынышты ұйымдарды, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясын, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын, «QazBioPharm» ұлттық холдингін, бейінді жоғары оқу орындары мен өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды қамтыды.
Мемлекеттік аудит барысында республикадағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын тежейтін бірқатар мәселе анықталған.
«Мәселен, негізгі азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі әлі де 80%-ға жетпейді, ал қолданылып жүрген есептеу әдістемесі физиологиялық тұтыну нормаларын ескермейді. Азық-түлік қорын есепке алу мен бақылаудың автоматтандырылған жүйесі әлі енгізілмеген, ал бұл тауарлардың бар-жоғы және қозғалысы туралы деректердің нақтылығына әсер етеді. Ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік бойынша да олқылықтар бар. Ветеринариялық зертханалардың 87%-дан астамы халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша аккредиттелмеген. 396 млн теңгеден астам сомаға ветеринариялық препараттарды сатып алу рәсімдерін бұзу фактілері анықталды. Шекарадағы 101 өткізу пунктінің 24-і фитосанитариялық бақылаумен қамтамасыз етілмеген», - делінген ЖАП қорытындысында.
Сондай-ақ мемлекеттік аудиторлар ауыл шаруашылығының ғылыммен қамтылу деңгейі де төмен екенін де атап өтті. 2023 жылы бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің небәрі 0,26 пайызын құраған. Ғылыми зерттеу нәтижелерінің жеткілікті қолданылмауы саланың дамуын тежейді деп санайды ЖАП.
Жалпы аудит барысында бюджет қаражатының 179 млн теңгесі тиімсіз жоспарланғаны, ал 66,2 млрд теңгесі тиімсіз пайдаланылғаны анықталған. Аудит нәтижесінде мемлекет активтеріне 4,4 млрд теңге өтелді.
ЖАП Үкімет пен тексеріске іліккен мекемелерге заңбұзушылықтарды жою үшін тиісті ұсыныстар мен тапсырмалар берді.