Мүфтият Ақтөбе мешітінде қыз балаға орынсыз сөз айтқан азаматтың әрекетін айыптады
Бұл туралы ҚМДБ ресми парақшасында хабарлаған

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақтөбе мешітіндегі оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында Ақтөбе қаласындағы мешіт ауласында орын алған оқиғаға қатысты түрлі пікірлер таралып жатыр. Мешіт – құлшылық пен тәрбие ордасы. Онда келген әрбір азамат өзін әдеппен, ізетпен ұстауға міндетті. Ислам шариғатында өзгеге тіл тигізу, орынсыз сөз айту, әсіресе әйел затына қолайсыз пікір білдіру – мұсылман әдебіне сай келмейтін және айыпталатын іс-әрекет», - деп жазылған мәлімдемеде.
Осыған байланысты ҚМДБ ер адамның орынсыз әрекетін айыптай келе жалған ақпарат таратпауға үндеді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақтөбедегі оқиғада қыз балаға орынсыз сөз айтқан азаматтың әрекетін айыптайды. Өйткені мұндай әрекет мұсылмандыққа жат, әрі адамгершілік қағидаттарына да сай емес. ҚМДБ жамағатты сабыр мен парасаттылыққа шақырып, жалған ақпарат пен арандатушылық әрекеттерге ермеуге үндейді. Қоғамда бейбітшілік пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз», - деп жазылған мәлімдемеде.